Қылмыскерлер кепілге алған кәсіпкерді құтқарып қалған полицей марапатталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қылмыскерлер кепілге алған кәсіпкердің өмірін арашалап қалған полицей ІІ деңгейлі Айбын орденімен марапатталды.

Полиция капитаны Елдос Әбдірахымов ІІ деңгейлі «Айбын» орденін бүгін Мемлекет басшысының қолынан алды.

«Бұл марапат мені жаңа жеңістерге ұмтылдырады. Қоғамдық тәртіптің сақталуына, отанымызда тыныштық болуына қал-қадірімше көмегімді арнайтын боламын. Алматы полициясы қатарында көптеген ержүрек азаматтар қызмет етіп жүр», - деді капитан Әбдірахымов.

Айта кету керек, алматылық полицей аса ауыр қылмысты ашуға септігін тигізген.

Желтоқсан-Шевченко көшелерінің қиылысында бір бағыттық көшемен қарама-қарсы жүрген «Тойота Камри» көлігі полицейлердің күдігін туғызған. Полицияның тоқта деген әмірін қаперге ілмеген ол басқа бағытта қаша жөнелген. Құқық қорғаушылар күдіктіні Пушкин көшесінің бойындағы аулалардың бірінен ұстаған.

Көліктің ішінен соққыға жығылған ер адам табылды. Кейін анықталғандай, ол адамды қаскөйлер осыдан бірнеше минут бұрын үйінен ұрлап кеткен.

Ер адам кәсіпкер болып шықты. Ұрылар оның жақындарынан 1 млн. доллар бопсаламақ болған.

«Жапа шеккен адамға шұғыл жедел жәрдем шақыру керек болды. Көліктің ішінен бетперде, жалған мемлекеттік нөмірлер, травматикалық қару табылды», - делінген хабарламада.

Кейін аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен үш адам ұсталды. 45 жастағы ер адам осыған дейін де заңсыз қару сақтау, алаяқтық, есірткі қылмысы, ақша бопсалау бойынша бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып келген.

Соңғы жаңалықтар