Қылмыскерді іздеймін деп айлап үй бетін көрмейтінбіз - зейнеттегі полицей

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Жетісай ауданында тұратын полиция майоры, зейнеткер Сапар Сүлейменов қызмет бабында сан қилы қылмыстық оқиғалардың болғанын айтады. Қазір зейнеткерлікке шықса да, инкассаторлық қызметті атқарып жүрген ол қылмыскерлерді іздестіріп, айлап үй бетін көрмеген кездерін еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ішкі істер саласындағы қызметін 1990 жылдары Атырауда бастаған зейнеткер бастапқыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еткен. Кейін туған жері - Оңтүстік Қазақстан облысына (қазіргі Түркістан облысы) қылмыскерлерді іздестіру бөліміне ауысқан.

«Бұл бөлімде жүріп, жоқты табуды үйрендім. Яғни, қылмыс жасаған адам ұстатпаймын деп қашады, полицей ұстаймын деп қуады. Ол үшін айлап үй бетін көрмейтін кездер болады. Таңертең ерте кетіп, түн жарымында ораласың. Балаларымызды көрмейтін де едік. Әйеліме айтпай басқа елге, басқа облысқа кетіп қалатынмын. Ол кезде ұялы телефон жоқ, әйелім бір күні жұмысқа іздеу салып келіпті. Бір аптадан бері оралмады деп бастығыма айтқан. Кейіннен менің қылмыскерді іздеп басқа өңірге кеткенімді бір-ақ білген», - дейді Сапар Сүлейменов.

Мамандығына шын берілген полицей қылмыскерлерді ұстау үшін бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмайтын деп еске алады. Айтуынша, тоқырау жылдары жол сапарға ақша табылмай, ашқұрсақ жүрген кездері де болыпты. Күдіктінің арқасында соғысты да көргенін айтады.

«Қызмет бабында жүріп Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей сияқты көршілес мемлекеттердегі әріптестермен тығыз байланыста болдым. Бір-бірімізге қолғабыс ететінбіз. Тіпті Тәжікстанда соғыс болып жатқан жылдары адам өлтірген қылмыскерді ұстап әкелдім. 1996 жылы Ресейдің Ханты-Мансийск қаласына барып, 8-9 рет сотталып келген әккі қылмыскер Рахым Есімов деген ұрыны ұстап келген жайымыз бар. Ол кезде ақша аз, қиын кездер болатын. Келесі айдың айлығын жаздырып алдық та, бір ай сол қылмыскерді іздеп кеттік. Өзі бұрыннан нашақор болатын, ол жерде де қылмыс жасап іздеуде жүр екен. Сол жерде бір ай жатып, пәтер жалдап тұрдық. Аш құрсақ жатқан күндеріміз де болды. Кездескен небір кедергілерге қарамастан ақыры қылмыскерді қолға түсірдік. Бірақ пойызға билет алатын ақшамыз жоқ, елге әупірімдеп әрең жеткіздік»,- дейді Сапар Сүлейменов.

Жедел уәкіл болған тәртіп сақшысының айтуынша, қылмыскерді ұстау үшін актерлер сияқты рөл ойнайтын кездер болған. Куәгерлерден жауап алу үшін біріншісі - жаман адамның, екінші уәкіл - жақсы адамның кейпін жасауға тура келген.

«Есіме түскен бір оқиғаны айтайын. Бірде Жетісай қаласында егде жастағы ерлі-зайыптыларды біреулер тонап, өлтіріп кетті. Сол қылмыстың бетін ашу маған жүктелді. Оқиға орнына барып, көршілерден сұрастырдым. Бірақ ешкім ештеңе айтпады. Кейіннен сол маңда жезөкшелер тұратын үй бар еді, сонда барып сұрадым. Араларында біреуі екі күн бұрын сол үйден қыздың айқайлаған дауысы шыққанын айтып қалды. Қаһраман және Рахым деген жігіттер оларды жалдағанын, кейіннен ақша төлемей қойғанын көрсетті. Содан екі күдіктінің бірінің қарындасы бар екенін, оның осы маңда тұратынын анықтадық. Бірақ полицей ретінде барсақ, ол келіншек бізге шынын айтпауы мүмкін, содан газ қызметінің өкілдері болып киініп бардық. Оны әңгімеге тарттық, мен күйеуін танитын адам болып таныстым. Сөйтіп жүріп ағасының мекенжайын тауып алдық. Кейіннен сол қылмысты ашып, екі сезіктіні Өзбекстаннан ұстап алып келдік. Жауап алу барысында олар базарларда қалтаға түсіп, күніне 100 мың теңегеге дейін тауып жүргенін айтқан. Кейіннен пәтер иесі ерлі-зайыптылардың туыс қызы келіп, соның айтуымен өлтіргенін жеткізген. Зейнеткерлер қызына Ресейге көшетінін, соған алтын бұйымдары мен ақшасын жинап жүргенін ескерткен екен. Сол жайт қасақана кісі өлтіруге себеп болған. Қылмыскерлер кейін өз жазасын арқалап кетті»,- дейді полиция майоры.

Сапар Сүлейменовтің айтуынша, тәжірибесінде қылмыскерді біле тұра бірден қамата алмайтын кездер де кездескен.

«Бұрындары Жетісайда қасақана кісі өлтіру қылмысы орын алған болатын. Ойынханалардың бірінде белгісіз біреу қызметкер әйелді тонап, басын таспен ұрып өлтірген. Сол қылмысқа қатысы бар деген күдіктіні тапқаныммен, айғақ жоқ деген себеппен прокурорлар қамауға санкция бермеді. Кейін бір апта бойы сол жігітті ешқайда жібермей, көлігімде алып жүрдім. Ақыры басшылыққа түсіндіріп, прокурордан қамауға рұқсат алдық. Күдікті уақытша ұстау абақтысында болған 15 минуттан кейін-ақ қылмысын мойындап, айғақты заттарды тауып берді. Ал тағы бір оқиғада кісі өлтірген қылмыстық топ мүшелерін анықтап ұстасақ та, араға депутаттар түсіп, күдікке ілінген тұлғалар бостандыққа шығып кетті. Онда да қорғаушылар айғақты заттар жоқ дегенді алға тартты. Соны ойласам әлі күнге дейін ішім ашиды»,- дейді зейнеткерлікке шыққан полицей.

null

Тәртіп сақшысының сөзінше, полиция мамандығы актерлік қабілетке үйретіп қана қоймай, сондай-ақ адамды психолог та қылады. Себебі, қылмыскердің кінәлі немесе кінәсіздігін өзінен, көзінен, сөзінен білесің. Рас немесе өтірік айтып отырғанын анықтау керек болады. Өйткені өмірде небір әккі, қулығына құрық бойламайтын қылмыскерлер кездеседі. Бірақ ол осы мамандықты таңдағаным үшін ең бақытты жанмын дейді.

Оның сөзінше, адам өзі қалаған ісімен айналысса, көп жетістіктерге жетеді. Қазір де ұлдарының әке жолын қуып, осы салаға бет бұрғанына іштей қуанатынын айтады. Оларға жол көрсеткен аналарына да ризашылығын білдірді.

«Өмірлік жолдасым бастапқы кезде үйге келмесем, түсінбей қалатын. Кейіннен жұмысымыздың ауыр күндерін көріп, маған қолдау көрсететін болды. Сондай ауызбіршіліктің арқасында мен 29 жыл 7 ай қызмет атқарып, майор шенімен зейнеткерлікке шықтым. Кейде аудандық полиция бөлімінің жанынан өткенде жұмысымды сағынатын кездерім болады. Өйткені жастық шағым, біраз өмірім осы жерде өтті. Еңбегім еленіп, «ҚР Тәуелсіздігіне - 10 жыл» медалімен марапатталдым. Қазір де сол дене дайындығымды босаңсытқан емеспін. Соның арқасында ауданда инкассаторлық топтың жетекшісі болып еңбектеніп жүрмін. Ал, үлкен ұлым Абзал Сүлейменов бастапқыда тергеуші еді, қазір прокуратурада қызмет атқарып жүр. Екінші ұлым да менің ізімді жалғастырып, арнайы жасаққа құжаттарын тапсырды»,- дейді Сапар Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар