Қылмыскер қаршадай балаға пышақ тақағанда қателесуге еш болмайтын еді – полицей

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Бала күннен полиция қызметкері болуды қалаған Досым Бақытбеков бүгінде бұл мақсатына жетіп отыр. Қауырт қызметтің қиыншылығына мойымаған сақшы түрлі оқиғаларды бастан кешкен. ҚазАқпарат тілшісі 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Өскеменде тер төгіп жүрген полиция майорымен сұхбат құрған еді.

- Полицей болуыңыздың себебі неде?

1989 жылы Күршім ауданы Құйған ауылында дүниеге келдім. Мектеп бітірген соң Өскемендегі жоғары оқу орындарының біріне «Заңгер» мамандығына қабылдандым. 2011 жылы қолыма диплом алдым. Әскери кафедрада оқып, 40 күн полигонда болдым.

2012 жылдың тамыз айында қалалық Полиция басқармасына жұмысқа орналастым. Дәл осы жылы үйленіп, шаңырақ көтердім. Негізінен бала күннен полиция қызметкері болуды қаладым. Қылмыскерлерді құрықтап, өзгеге пайдамды тигізгім келетін. Әулетіміздегі алғашқы полицей өзіммін. Әкем Ауған соғысына қатысқан адам.

- Әуелде қиын болған шығар?

- Әр саланың өз қызығы мен қиыншылығы болады. Басында сәл үйренісе алмай жүрдім, әсіресе уақыттың тапшылығына. Таңертең 7-де жұмысқа келіп түнгі 1-2-лерде қайтамыз. Осылай дамылсыз жұмыс істедік. Бірақ қазіргі полицейлерде олай емес. Үйлеріне уақтылы қайтады. Кейбіреулер бұрынғыны аңсап жатады ғой. Кезінде бәрі жақсы еді деп. Меніңше, қазір сақшыларға барлық тиісті жағдай жасалған. Жалақы жоғарылап, баспанасы жоқтарға ай сайын пәтерақы да беріледі.

- Күні-түні жұмыста болғаныңыз үшін әйеліңіз ренжімеді ме?

- Жоқ. Екеуіміз қыз-жігіт болып кездесіп жүргенімізде ол менің осы саланы таңдағанымды білетін. Кейбір сақшылар үйленген соң жарты жыл өтпей жатып ажырасып кететінін көріп жүрміз. Келіншегіме үнемі түсіністікпен қарағанына ризамын. 3 баламыз бар: бір ұл, екі қыз. Әйелім бұрын банкте жұмыс істеген, қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысады.

- Ұлыңыз өскенде кім боламын дейді?

- Әкем сияқты полиция қызметкері боламын дейді. Егер өскенде расымен осы салаға бет бұрса қарсылығым жоқ. Өз таңдауы өзінде ғой. Жұмыс барысында білім ордаларына барып, жастарды полиция қатарына тартып, үгіт-насихат жүргіземіз. Ел-жұртының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, заңбұзушылыққа тосқауыл болғысы келетіндер көбейе түседі деген сенімдемін.

- Жұмыс барысында қандай ерекше оқиғалар болды?

- Қауырт қызметтің әр күнінде бір оқиға болып жатады. Соның ішінен бірнешеуін айтып берейін. Бірде қыс кезінде қалада көлік тонау жиілеп кеткен-тұғын. Күніне 4-5 көлік тоналатын. Осылай 3 ай жалғасты. Қылмыскерлерді ұстау үшін күні-түні көшелерді торуылдаумен жүрдік. Ол кезде қазіргідей камералар жоқ.

Түнгі уақыт. Сағат тілі шамамен 2-ден асты. Аязға қарамастан қуыста қимыл-қозғалыссыз тосып отырмыз. Кенет 3 жігіт көз алдымызда көлік тонай бастады. Тұтқиылдан атып шығып, оларды қолға түсірдік. Соңынан белгілі болғандай, үшеуі де студент екен. Ақшаның жоқтығынан қылмысқа барыпты. Тергеу амалдары аяқталған соң іс сотқа жіберілді.

2013-2019 жылдары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болдым. Сол кезде жастар арасында бопсалаушылықпен, есірткі сататындармен күрестік. Отбасылық кикілжіңдерге де баратынбыз. Бір күні Киров көшесіндегі жатақханада күйеуі әйелін далаға қуып шығыпты. Хабар түскен соң көп ұзамай оқиға орнына келіп жеттік. Әлгі еркек бізді көргенде өгей баласының тамағына пышақ тақап, тұтқынға алды. Қаршадай бүлдіршін 2-ақ жаста. Мұндай сәтте қателесуге жол жоқ. Жедел жәрдем мен ТЖД қызметкерлерін шақыртып қойдық. Қаскөй есік табалдырығында тұр. Оны сөзге айналдырып, теріс қадам жасамауға шақырдық. Кенет бала оның қолынан босап, бір-екі қадам артқа жүрді. Осы ұрымтал сәтті қалт жібермей, әріптесім екеуіміз тап бердік. Күрткемен қолындағы пышағын жаба қойып, өзін жерге құлаттық. Кейін естуімізше, ол сот шешімімен түрмеге қамалыпты.

- Қызметін енді бастап жатқан полицейлерге қандай ақыл-кеңес айтасыз?

- Әр жас маманмен жеке-жеке жұмыс жүргіземіз. Келген алғашқы күнінен бастап шыдамдылыққа баулимыз. Полиция қызметкері заңды бүге-шүгесіне дейін білуі қажет. Сол үшін оқудан жалықпай, өз таңдаған салаңа бейімделген жөн.

Қазір Ертіс ПБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары болып қызмет етудемін. Қарамағымда кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі 24 инспектор, 43 учаскелік полицей мен оның 9 көмекшісі бар. Олардың әрқайсысына қолымнан келгенше көмектесіп, көрген-білгенімді айтып отырамын. Адал еңбек етемін деген адамға есігіміз әрдайым ашық. Келіп жатқан жастар арасында жұмыстың ауырлығына шыдамай кетіп қалатындар аз емес. Негізі қиындыққа 3 жыл төзген адам, ары қарай қызмет ете береді.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар