Қыдырәлі мен Қарақат көпбалалы отбасыларды қолдауға қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ эстрадасының жұлдыздары Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина көпбалалы отбасыларды қолдау шараларына қатысты өз пікірін білдірді. Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасындағы әрбір балаға төленетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі отырыста көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайы жақсарады деді. Үй мәселесі болсын, олардың денсаулығы болсын, әсіресе, 4 баласы бар отбасының әрбір баласына 21 мың теңгеден деді. Дұрыс па? Ол да жақсы жаңалық. Демографияға үлестеріңізді қосыңыздар дейді. Енді, қосу жағынан біздің елде бәрі жақсы, әйелдердің баланы дүниеге әкелу жағы жақсы. Бірақ қаншалықты оған жағдай жасалып жатыр? Бұл - үлкен мәселе. Қазір қоғамда да қызу талқыланып жатыр ғой. Сондықтан жағдайдың жақсарғаны жақсы. Өйткені балалардың саны көбейеді. Көпбалалы аналардың бірі ретінде мен де бұл мәселеге толықтай қосыламын. Мен де бес баланың анасы болғаннан кейін ілігетін шығармын», - деді Қ.Әбілдина ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Әншінің айтуынша, қазіргі кезде әлеуметтік жәрдемақының көлемі қатты сезілмейді.

«Бүгінде керемет сезіледі деп те айта алмаймын. Қолдау жоқ деп те айта алмаймын. Жағдай жақсарса ғой деген тілек қана бар. Жақсара түссе екен деп айтқым келеді. Жарайды, біздер елдің алдында өз еңбегімізбен әйтеуір күнімізді көріп жүрміз. Бірақ менің өзіме әлеуметтік желі арқылы жекеме 99 хабарламаның 88-і жағдайы жоқ аналардан келеді. Олардың хатын оқысаңыз, көбінесе, көмек сұрайды, денсаулығымыз жоқ, тұратын үйіміз жоқ, демек, жағдайлары төмен. Суреттерін де, құжаттарын да жіберіп жатады. Әсіресе, ауыл аймақтардан «біздің дауысымыз жетпейді»,- дейді. Соны жеткізуді, қандай да бір ықпал жасауды сұрайды. Ол деген қазіргі жағдайдың көрсеткіші», - деп атап көрсетті Қ.Әбілдина.

Қыдырәлі Болманов та көпбалалы отбасылардың санын көбейту керек деп санайды. Себебі көпбалалы отбасылар - елдің болашағы.

«Бізде алты балаға күміс медаль бермей ме? Жеті бала - алтын медаль. Бізде солай ғой? Мәселе мынада, көпбалалы отбасылар - Қазақстанның үміті, болашағы. Мен солай ойлаймын. Өйткені сол балалар ертең осы елге ие болады. Елді басқаратын да, қорғайтын да, алға сүйрейтін де солар. Сондықтан бала саны көбейген сайын еліміздің ертеңге деген үміті молаяды. Жарқын болашаққа бет алған, ертеңнен үміті зор мемлекеттердің барлығы ана мен бала мәселесіне басты назар аударады», - дейді Қ.Болманов.

Әншінің ойынша, Президенттің барлық тапсырмаларынан кейін арнайы комиссия құрып отыру қажет. Сонда әрбір бастаманың орындалғанын халық айқын сезіне алады.

«Елбасы бәрін түп-түзу айтады, бәрін тапсырады. Оны талай естіп жүрміз. Сол тапсырылғаннан кейін ары қарай жеріне жеткізіліп орындалмайтыны сезіліп-ақ тұрады. Сондықтан осындай керемет жиындарда ортақ бір комиссияны құрып, соған адал ниетті азаматтар қойылып, ел мен биліктің арасында байланыс болатын бір ұжым өте қажет екен», - деп атап көрсетті Қ.Болманов.

Айта кетейік, бүгін «Нұр Отан» партиясының XVII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды.

«Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Фото: stan.kz

Соңғы жаңалықтар