КВИ науқастарын қашықтан бақылау жүйесін ойлап тапқан оқушылар 1 млн теңге алды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне барып, жағдайымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір білім ордасында 713 оқушы білім алып жүр. Карантинге байланысты оқыту қашықтан жүргізілуде. Мектеп басшылығы Олардың сабаққа қатысуын арнайы онлайн бағдарлама арқылы тексеру мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

Аймақ басшысына оқушылардың үздік ғылыми жобалары ұсынылды.

НЗМ оқушылары дәрігерлерге коронавирустық инфекциясы бар науқастың жағдайын қашықтықтан бақылауға мүмкіндік беретін арнайы құрал ойлап тауыпты. Мобильді қосымша смартфонға импульстік оксиметр арқылы ақпарат жібереді. Дәрігер науқастың жағдайының динамикасын оған немесе палатаға бармай-ақ бақылай алады. Өнертабыстың мүмкіндіктерін облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әсет Қалиев сынап көрді.

«Бір ауруханаға тәжірибе ретінде орнату керек. Егер оң нәтиже берсе, басқа да емдеу мекемелеріне де енгізуге болады. Әсіресе, бұл - қазіргі кезде өте қажетті құрылғы»,- деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Әкім жұмысты жоғары бағалап, оның авторлары, 12-сынып оқушылары Абылай Сыдықов пен Анелия Әбдімәлікке, бір миллион теңгенің сертификатын табыстады.

Аймақ басшысының назарына бұдан басқа да жас ғалымдардың еңбектері ұсынылды.

Облыс әкімі мектептің жатақханасы мен кітапханасын да аралап көрді. Кейін аулада Бердібек Сапарбаев кішігірім ракетаның аспанға көтерілгенін де көрді. Аймақ басшысы зияткерлік мектептегі оң тәжірибе өңірдің өзге білім ошақтарына да тарауы керектігіне мән берді.


Соңғы жаңалықтар