КВИ-мен күрес: Бір жылдағы тәртіпті қамтамасыз ету қадамдары

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын барша әлем коронавирус инфекциясы салдарынан күрделі жағдайға тап болды. Бұл ретте мемлекеттер індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатында түрлі сақтық шараларын қабылдауға кіріскен еді. Қазақстанда 2020 жылғы 16 наурыздан бастап КВИ-мен күрес бағытында ауқымды жұмыстар іске асырылғаны белгілі. Осы орайда өткен бір жыл уақыттағы қоғамдық тәртіп жұмысына тоқталуды жөн көрдік.

Еске салсақ , былтыр сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында блокпосттарда көліктердің ұзақ тұруына жол бермеу керектігін тапсырған болатын.

Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығының азық-түлік өнімдерін жеткізушілердің карантиндік қалаларға үздіксіз кіруін қамтамасыз ету, көктемгі дала жұмыстарын бастайтын фермерлерге де қатысты оңтайлы шаралар қабылдау тапсырмаларын жүктеген еді.

Атап айтқанда, өткен жылы Қазақстанда төтенше жағдай режимі болған кезеңде тәртіпті сақтау, карантиндік іс-шараларды қамтамасыз етуде денсаулық сақтау органдарына қолдау көрсету бағытында ұйымдастырушылық жұмыстардың кешені іске асырылды.

Осы мақсаттарда ішкі істер органдарының жеке құрамы патруль нарядтары санын арттыру арқылы ерекше режимде қоғамдық тәртіпті қорғау қызметін атқарды.

Төтенше жағдайдың негізгі кезеңдерінде 50 мыңнан астам полиция қызметкері, Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің әскерилері жұмылдырылды (қазіргі кезде 12 мың).

Карантиндік аумақтарға кіруді және одан шығуды шектеу үшін 445 блокпост жұмысы ұйымдастырылды (қазір 4 блокпост қойылған).

Сонымен қатар, коронавирус инфекциясын жұқтыру белгілері бар адамдарды анықтау мақсатында 274 санитарлық бекет қызмет етті.

Індет жұқтырған 400 ошақ пен 300 карантиндік нысанның (қазіргі уақытта 290 карантиндік нысан) күзеті қамтамасыз етілді.

Төтенше жағдай режимін бұзған тұрғындар ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Төтенше жағдай талабын бұзғандарға қатысты 476-бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке 20,6 мыңнан астам адам тартылды. Оның ішінде 4 371-і қамаққа алынып, 6 822 адамға айыппұл салынды, ал 9 430-ына ескерту жасалды.

Айта кетейік, өткен жылы дәрі-дәрмекке қатысты мәселе өзекті болғаны белгілі. Осы орайда дәрілік заттарды заңсыз өткізу фактілеріне жол бермеуге қатысты шаралар қабылданды. Дәрі-дәрмекті өткізуде талаптарды бұзудың 933 жағдайы анықталды. Заңсыз айналымнан дәрілік заттың 98,2 мың қаптамасы, 500 мың медициналық маска, 41 мың медициналық құрал (градусник, қан құю жабдықтары), 705 литр дезинфекциялық сұйықтық тәркіленді.

Қазіргі кезде полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша негізгі міндеттерін орындаумен қатар, мониторингтік мобильді топтардың (1613) қызметіне де қатысып келеді. Бұл топтар жергілікті атқарушы органдардың шешімімен құрылып, оның құрамына жергілікті органдардың өкілдері, полиция және қоғам өкілдері еніп отыр.

Жыл басынан бері 43 мың рейд (2020 жылы – 114 404) іс-шаралары өткізіліп, карантин талаптарын бұзудың 8 486 фактісінің (2020 жылы – 45 125) жолы кесілді.

Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында талаптарды бұзудың 454 (2 561) фактісі, Алматы қаласында – 647 (4 482), Шымкент қаласында – 972 (1 245), Ақмола облысында –199 (2 242), Ақтөбе облысында –56 (1 553), Алматы облысында – 708 (1 847), Атырау облысында – 168 (1 956), Шығыс Қазақстан облысында – 1 314 (3 460), Жамбыл облысында – 264 (909), Батыс Қазақстан облысында – 70 (3 185), Қарағанды облысында – 643 (1 469), Қызылорда облысында – 25 (922), Қостанай облысында – 359 (7 093), Маңғыстау облысында – 24 (1 341), Павлодар облысында – 91 (839), Солтүстік Қазақстан облысында – 628 (2 367) және Түркістан облысында 1859 (7 369) факті тіркелді.

Жалпы, індеттің таралуына тосқауыл қою тұрғысында көшелер, саябақтар, тұрғын үй алабы, сауда нысандары мен банктер полиция патруль нарядының ерекше бақылауына алынды. Бұл жұмыстар қылмыстық құқық бұзушылық санын айтарлықтай төмендетуге ықпал етті, оның ішінде қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстар азайды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны 34 пайызға төмендеді (237,4 мыңнан 156,4 мыңға дейін). Бұл ретте қоғамдық орындарда 51 пайызға (89,3 мыңнан 43,4 мыңға дейін) және көшелерде 55 пайызға (47,8 мыңнан 21,4 мыңға дейін) азайды.

Биылғы жылдың екі айында олардың жалпы саны 17 пайызға төмендеді, сондай-ақ қоғамдық орындарда 44 пайызға, ал көшелерде 47 пайызға азайғаны белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар