КВИ кімдерге қауіпті, созылмалы ауруы барлар нені ескеруі керек - инфекционист маман кеңесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтандағы Көпсалалы медициналық орталығына қарайтын қалалық инфекциялық орталықтың басшысы Татьяна Цечоева бүгін ОКҚ-да арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Инфекционист маман коронавирустың қаупі жайлы тағы да ескертіп, созылмалы ауруы бар адамдарға маңызды кеңес берді. Сондай-ақ, дәрігер коронавирусты ағзада өршітіп алмаудың жолдарын атады.

Коронавирустың негізгі «нысанасы» - өкпе

«Коронавирус инфекциясы қайтадан қатты өршіп кетпес үшін не істеу керек? Ол туралы сөз қозғамай тұрып мынадай тақырыптарды айтып өтсем деймін. Індетті алдын алудың нақты қандай жолдары бар? Өздеріңіз білетіндей, күз бен қыста өткір респираторлы вирусты инфекция өршитіндіктен, соның аясында коронавирус жұқтыру жағдайы да артып барады. Алдын алу шаралары деген кезде айрықша алдын алу шарасын ұмытпау керек. Яғни біз тұмауды азайту үшін халықтың белгілі бір бөлігіне вакцина салдырамыз. Ең бірінші кезекте балаларға, бірнеше ауруы бар азаматтарға, иммунитеті әлсіз адамдарға екпе жасалады. Одан бөлек, ерекшелігі бар алдын алу шаралары бар. Ол – біздің жалпыға ортақ гигиенамызға, маска тағуымызға, әлеуметтік қашықты сақтауымызға, бұқаралық шараларға немесе орындарға барудан шектелуімізге байланысты. Ауруды алдын алудың негізгі жолы осы», - деді Татьяна Цечоева.

Инфекциялық орталықтың басшысы коронавирус инфекциясын жұқтырудың алғашқы белгісін атап өтті. Айтуынша, бұл инфекцияның ерекшелігі: халықтың 70-75 пайызы коронавирусты жеңіл және симптомсыз дәрежеде көтеруінде. Алғашқы симптомы: кез келген вирусты инфекция секілді дене қызуының көтерілуі, бұлшықеттің ауыруы, бас ауруы, иіс сезу қабілетінің әлсіреуі. Аурудың бұл белгісі бір уақытта, кейде тіпті жеке-жеке де байқалуы ықтимал. Денеде әлсіздік байқалып, тер басады. Бұл белгі байқалған жағдайда науқас жергілікті емханаға хабарласып, содан кейін бұл адамды емдеудің жолын қарастырады.

Сонымен қатар Татьяна Цечоева коронавирус пен тұмаудың айырмашылығын айтты.

«Осы вирусты аурулардың белгісінің бәрі ұқсас. Алайда коронавирус инфекциясын жұқтырған адамда негізгі «нысана» - өкпе. Адамның өкпесінде тромб түзілуі мүмкін. Осыдан кейін бактериялық флораның белсенділігі күшейіп, өкпе қабынады. Егер ЖРВИ мен тұмау барысында вирусқа қарсы иммунитетімізді күшейтетін дәрі қабылдасақ, коронавирус жұқтырған кезде біз ол дәрілерді пайдаланбаймыз. Себебі цитокинді сілкініс пайда болады. Ал бізге керісінше оны басатын препараттарды қабылдау керек», - деді ол.


Елордада коронавирусқа қарсы «иммунды қатпар» қалыптасты

Татьяна Цечоеваның сөзіне құлақ ассақ, коронавирус жұқтырудың шырқау шегі елордада өтіп кеткен. Аурудың дәл осылай өршу деңгейі қазір Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады.

«Біздің қалада белгілі бір дәрежеде «иммунды қатпар» қалыптасып қалды. Менің ойымша, жаңа жағдай әлі де тіркеледі. Алайда осы жылдың маусым және шілде айларындағы жағдай Нұр-Сұлтанда қайталанбайды. Аурудың мұндай шарықтау шегі «иммунды қатпар» қалыптаспаған өңірлерде болуы мүмкін. Себебі ол өңірлерде осы жазда ауру жұқтырғандар аз болды», - деді Татьяна Цечоева.

Инфекционист халық ең алдымен қазір медицина қызметкерінің кеңесіне құлақ асуы керектігін ескертті.

«Коронавирус өршіп тұрған уақытта созылмалы ауруы бар адамдарға нені ескеруі керек? Ең бірінші кезекте бұл санаттағы азаматтар оқшаулануы тиіс. Яғни инфекцияны жұқтыру қаупі бар орындарға барынша бармауы керек. Созылмалы ауруы бар адамдарда коронавирустың алғашқы белгілері пайда болса, бірден медицина қызметкеріне жүгінген абзал. Дәрігер оны емдеудің әдістемесін айқындайды. Пациент үйде емделеді, болмаса стационарға жатқызылады», - деген Татьяна Цечоева коронавирус адамның демалу жүйесін қабындыратынын айтып өтті.

Оның сөзінше жалпы коронавирус жұқтырған адамда мультижүйелі қабыну күшейеді.

«Адамның дене қызуы парацетомолдан басылмаса бірден дабыл қағып, жедел жәрдем қызметіне хабарлау керек. Сондай-ақ кеуде ауырласа – ол тромб түзілілісінің пайда бола бастағанын білдіреді. Ол кезде де бірден дабыл қағу керек. Одан бөлек дем алыс жиілесе, яғни тыныс алу минутына 20-дан асып кетсе де жедел жәрдем шақырған абзал. Бұл сипмтомдар пневмонияның күшейіп бара жатқанын білдіреді», - дейді ол.


Ауру ағзада қаншалықты жылдам өршуі мүмкін?

Коронавирус жұқтырған қай санаттағы адамдар бірден ауруханаға жатқызылады? Бұл азаматтардың санаты да аталды. Олар: өкпесінің қандай бөлігі қабынғанына қарамастан пневмония ауруы өршігендер, қант диабетімен ауыратындар, дененің артық салмағынан қиындық көріп жүргендер, әртүрлі жүрек-қан тамырлы ауруларға шалдыққандар, оның ішінде артериальды гипертензия жұқтырғандар. Сонымен қатар өкпесінің қабыну деңгейі 30 пайызға жеткендер, коронавирус жұқтырған аяғы ауыр әйелдер, сондай-ақ коронавирусты ауыр көтеретіндер мен үйінде емделуге немесе оқшаулануға жағдайы жоқ азаматтар да бірден стационарға жеткізіледі.

«Коронавирусты орта және ауыр деңгейде көтерудің сипаттамасы қандай? Ауру ағзада қаншалықты жылдам өршуі мүмкін? Сондай-ақ коронавирусты өршітіп алмаудың жолдары қандай? Ең бірінші кезекте өзіңізді емдеуді доғарыңыз. Яғни бірнеше ауруы бар адамдар бұрыннан қабылдап жүрген базалық препаратты қабылдауды тоқтатпауы тиіс. Тіпті коронавирус жұқтырған уақытта да, стационардан шыққан күнде де сол режим мен препараттарды қабылдауды жалғастырғаны дұрыс. Әлбетте ауру дәрежесі уыттану синдромына, демнің жетпеу деңгейіне байланысты айқындалады. Ол вирус әр адамның бойында әртүрлі деңгейде өршиді», - деп түйді Татьяна Цечоева.


Соңғы жаңалықтар