КВИ: Қазақстанда 6 млн адамды вакциналауға қандай екпелер қолданылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Қазақстанда 6 млн адамға КВИ-ге қарсы вакцина салу жоспарланып отыр. Бұл ретте ресейлік «Спутник V» екпесі және отандық «QazCovid-in» вакцинасы қамтылмақ. Осы орайда бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов осы бағыттағы жұмыстарға түсінік берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау басталды. Бірінші кезеңде ресейлік «Спутник V» екпесі сатып алынды. Қысқа мерзімде Қарағанды фармацевтика кешені базасында «Спутник V» вакцинасының өнеркәсіптік өндірісі жүзеге асырылды. Отандық тауар өндірушінің жеткізілімдері кестеге сәйкес жүргізілді», - деді бірінші вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «СҚ-Фармация» ЖШС мен Ресей тікелей инвестициялар қоры (РФТИҚ) арасында жасалған өзара түсіністік туралы келісім аясында 2 млн астам доза жеткізу, препарат сынақтың барлық сатысынан өткеннен кейін оны 5 млн дозаға дейін арттыру жоспарланған.

Осы орайда Марат Шоранов Қарағандыда осы жылдың шілде айына дейін 2 млн доза өндірілетінін айтты.

«Бұдан кейін де келіссөз процесін жалғастырып келеміз. Одан ары қарай вакцинаны шілдеден бастап жылдың аяғына дейін шығару мәселесін пысықтап жатырмыз. Сонымен қатар биыл сәуір айының соңына қарай «QazCovid-in» отандық вакцинасын шығару жоспарланып отыр. Вакцинаның көлеміне байланысты 2021 жылы 6 млн адамға екпе салу жоспарға енгізілді»,- деді ол.

Сонымен қатар ол министрлік қазіргі кезде тек аталған екі вакцинаға қарап отырмағанын атап өтті. Бұл тұрғыда шетелдегі вакцина өндірушілермен келіссөз жүріп жатыр.

Олардың Қазақстанға қашан келетіні әрі қандай көлемде жеткізілетіні осы келіссөзге байланысты болып тұр.

Атап айтқанда, шетелдік өндірушілердің вакцинасы жоғары тиімділігін көрсетіп, еліміздегі тіркеу рәсімінен өткеннен кейін ғана екпе ретінде салу мүмкін болады.

«Спутник V» вакцинасын арзандату мүмкіндігі

ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов ресейлік «Спутник V» вакцинасының құнын төмендетуге қатысты пікір білдірді.

Жақында Ресейде «Спутник V» құны екі есе сомаға арзандағаны туралы мәлімет тараған еді. Егер осыған дейін Ресейде екпенің екі компонентінің құны 11 мың теңге шамасында болса, қазіргі кезде 5 мың теңгеден төмен бағада бекітілді.

«Шынымен де осындай ақпараттық хабарлама болды. Осыған байланысты ресейлік тікелей инвестиция қорымен арада жасалған меморандумдағы уағдаластыққа сәйкес, вакцина бағасын түзету бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдадық. Енді осыған қатысты ресми жауапты күтіп отырмыз. Бұл мәселе наурыз айының ортасына дейін жедел шешіледі деп үміттенемін», - деді Марат Шоранов.

Белгілі болғандай, елімізде 22 мың адам коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V» вакцинасын алды.

ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова өңірлерге вакцинаның екінші партиясы жеткізіліп жатқанын атап өтті.

Жалпы, медицина қызметкерлерін вакциналау әлі де жалғасып жатыр.

«Педагогтарды вакциналау да басталды. Бүгін таңертеңгі жағдай бойынша 458 педагогқа екпе жасалды», - деді комитет басшысы.

Бұдан бөлек ол күш құрылымдарының 275 қызметкеріне вакцина жасалғанын нақтылады.

Мереке кезіндегі сақтық

ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов наурыз айында КВИ-дің таралу үрдісіне қатысты пікір білдірді.

«Жалпы, қазіргі және ақпан айындағы жағдайға қарап, наурыз және алдағы айда 15 мыңнан 20 мыңға дейін науқас болуы мүмкін деген есеп жасалып отыр. Дегенмен, барлығы өзімізге байланысты. Наурызда біраз мереке күндері қамтылған», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, өткен Жаңа жыл мерекесінен кейінгі екі аптада елімізде науқастардың саны көбейген.

«Сондықтан үлкен тойларды жасамауға, ірі мерекелік іс-шараларды ұйымдастырмауға шақырамыз. Наурыз мейрамын отбасы мүшелерімен ғана атап өткен дұрыс болады. Маска тағып, әлеуметтік қашықтықтықты сақтаған абзал», - деді М. Шоранов.


Соңғы жаңалықтар