КВИ-ге қарсы вакциналау: Тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі уақытта әлем елдерінде, сондай-ақ Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау белсенді жүріп жатыр.

Әзірге, елімізде «Спутник V» вацинасы қойылып келеді, ал сәуір айының соңына қарай 50 мың доза көлемдегі QazCOVID-in (QazVac) қазақстандық вакцинасы жеткізілмек. Осы орайда вакцинаға қатысты қойылатын өзекті сауалдарға берілген жауаптарды көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

Қазақстанда қанша адам вацина салдырды?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2021 жылғы 17 сәуірдегі жағдай бойынша, Қазақстанда 644 643 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды, ал екінші компонентті 116 786 адам ектірді.

Биыл КВИ-ге қарсы екпемен қанша қазақстандықты қамту жоспарланып отыр?

Осы жылы коронавирусқа қарсы 9,9 млн адамға вакцина салдыру жоспарланған, бұл өз кезегінде халықтың 53 пайызын құрайды.

«Биылдың бірінші жартыжылдығында КВИ-ге қарсы вакцинаның таратылатын көлемін ескере отырып, ел аумағында 6 миллионға жуық адамға екпе салынады. Атап айтқанда, вакциналау ерікті негізде жүргізіледі», - делінген министрлік жауабында.

Вакцина тегін бола ма?

КВИ-ге қарсы вакциналау ақысыз негізде жүргізіледі, себебі бұл қадамдар Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізілген.

65 жастан асқан адамдарды вакциналауға бола ма?

Биылғы наурыз айынан бастап елімізде 65 жастан асқан адамдарды вакциналауға рұқсат етілді.

Осыған байланысты вакциналауға қарсы көрсетілімдер болмаса, онда бекітілген емханаға бару керек. Яғни медициналық қарсы көрсетілімдер жоқ болса, КВИ-ге қарсы вакцина алу мүмкіндігі жасалады.

Сәуір айынан бастап коронавирусқа қарсы халықты жаппай вакциналау жүріп жатыр.

Екпе салдыру үшін қайда хабарласу керек?

«КВИ-ге қарсы профилактикалық екпе салатын медициналық ұйымдардың тізімі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында орналастырылған. Вакцина алу үшін бекітілген тұрғылықты жер бойынша емханадағы учаскелік дәрігерге хабарласып, тізімге жазылуға болады», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Сонымен бірге, вакциналау кезекке тұру тәртібін басқа да медициналық ұйымдарда жүргізіледі. Осы орайда алдын ала жазылып, екпе алуға болатын күнді анықтауға болады.

Бұдан бөлек, аумақтық емханалардың көшпелі екпе бригадалары жұмыс істейді.

Коронавирусқа қарсы вакциналау сауда ойын-сауық орталықтарында да жүргізіліп жатыр. Осындай орталықтардағы пункттер алдын ала жазулысыз кезек тәртібінде екпе салады. Атап айтқанда, адамдар өздерімен бірге жеке куәлігін алып баруы тиіс.

Егер адам өзін әлсіз сезініп тұрса немесе ауырып қалса екпені кейін салдыруға бола ма?

Вакцинация туралы шешім қабылдаған кезде бірқатар қарсы көрсеткіштерді ескеру қажет: 18 жасқа толмау, жүктілік немесе созылмалы аурулардың өршуі, аллергиялық реакциялар, асқынған инфекциялық әрі инфекциялық емес аурулар, дене қызуының жоғарылауы сияқты белгілер бас тартуға себеп бола алады.

Осы арқылы асқынған ауру белгілері байқалса, адам сауығып шыққанша вакциналау кейінге шегеріледі.

Сонымен бірге кез келген екпені салардың алдында медицина қызметкері адамның денсаулық жағдайын тексереді. Ауру белгілері болса, адамға екпе салуға медициналық шектеу қойылады.

Вакциналаудан кейін адам ағзасында қандай реакцияны сезінуі тиіс?

Қазіргі кезде еліміз бойынша вакцинана салдырумен байланысты КВИ-ге қарсы иммундаудан кейін қолайсыз көріністер жағдайы тіркелмеген.

Сонымен қатар, вакцинаны ектіру бойынша нұсқаулықта жазылғандай, болуы мүмкін реакциялар тіркеліп жатыр. Бұл тұрғыда ине салған жердің ауырсынуы, ісінуі мен қызаруы, сондай-ақ дене температурасының жоғарылауы, тұмауға ұқсас симптомдар, буын мен бұлшық еттің сырқырауы сияқты жалпы реакциялар байқалуы мүмкін.

Егер адамда екпеден кейін реакция байқалмаса да, вакцинаның әсері бола ма?

Екпе салдырған кезеңнен кейін реакцияның көрінуі адам ағзасының жекелеген ерекшелігіне (жас ерекшелігі, генетикалық және басқа себептер) және іліспе фондық ауруларға байланысты.

«Сонымен бірге, поствакциналдық реакциялардың айқын көрінісі иммундық жауаптың қалыптасуын білдіре бермейді, яғни реакцияның болмауы вакциналаудан әсердің жоқтығын көрсетпейді», - делінген министрлік мәліметінде.

Коронавирусқа қарсы өндіріліп шыққан вакциналардың айырмашылығы неде?

Ресейлік «Спутник V» мен британдық «AstraZeneca» вакцинасы аденовирус негізінде векторлық болып саналады.

Вектор ретінде (тасымалдаушы) ресейлік вакцинада адамның аденовирусы пайдаланылады, ал британдық екпеде - шимпанзе аденовирусы. Қос вакцина да өндіру технологиясында ұқсас, онда аденовирустар генетикалық материалдан ажыратылған. Оларға коронавирус тікендерінің бөлшектері салынған.

Бұларға қарағанда, «Pfizer» компаниясының коронавирусқа қарсы екпесі генетикалық вакциналарға жатқызылған. Онда иммунитет қалыптастыру үшін коронавирустың бір немесе бірнеше гені пайдаланылады.

Қазақстанда жасалған QazCovid-in вакцинасы жайында мына жерден оқи аласыздар.

Қос компонентті вакцина толық қорғай ма?

КВИ-ге қарсы «Спутник V» екпесімен вакциналау 21 күн аралықпен екі мәрте егіледі. Бірінші компонентті салдырғаннан кейін, коронавирусқа антиденелер 12-14-ші күнде қалыптаса бастайды.

Аталған вакцинаның екінші компонентін ектіру КВИ-ге қарсы ұзақ мерзімге иммунитет қалыптастыруға ықпал етеді.

«Сонымен қатар, екпе салдырған адамдар да маска тағу мен қолды жиі жуып отыру секілді талаптарды орындауды жалғастыруы керек. КВИ-ге қарсы иммунитеті бар адам шектеу іс-шараларын елемей, біреуден вирус жұқтырса, онда ол қорғаныш әсерінен симптоматика белгілерімен инфекциямен ауырмайды. Алайда қысқа мерзім аралығында індет тасымалдаушы болуы мүмкін, яғни қарапайым қорғаныш іс-шараларын (маска тағу, қолды жуу, арақашықтықты сақтау) орындамау арқылы вирусты басқа адамға жұқтыруы ықтимал», - деп аталып өткен Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінде.

Вакцина алғаннан кейін ағзада антиденелер қанша уақыт болады?

Қазіргі кезде әлемде иммундық жауаптың ұзақтығы туралы ғылыми нақтылау жасалмаған. Алайда «Спутник V» вакцинасын дайындаған ғалымдардың пайымынша, вакциналаудан кейінгі иммунитет екі жылға жуық уақыт сақталады. Адам ағзасындағы антиденелер деңгейі (иммунитет) вирустан ауырып шыққаннан кейінгі жағдайдан жоғары болады.

Сонымен бірге, антиденелер титрі КВИ-ге иммунитеттің бар болуының жалғыз көрсеткіші емес. Бұл жасушалардың иммунологиялық жадымен баланысты. Олар вакциналаудан кейін қалыптасып, нақты инфекцияға тап болған кезде антиденелердің жоғары деңгейлерінің қарқынды дамуымен көрінеді.

Жақында ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья қазақстандық вакцинадан кейін антидене қанша мерзім сақталатыны туралы түсінік берді.

Отандық вакцина туралы толық ақпаратты клиникалық зерттеудің үшінші фазасы аяқталған соң айтуға болады. Дегенмен ең басында ғалымдардың өзі вакцина салған сәттен бері тоғыз ай өтті. Тоғыз айдың ішінде иммундық жауап жоғары болып тұр.

Сонымен бірге, К. Закария екі компонентпен егілгеннен кейінгі ағзадағы антиденелердің құрамы бойынша алдын ала деректерді баяндады.

«Клиникалық зерттеулердің бірінші және екінші фазаларының нәтижесі бойынша QazCOVID-in вакцинасын алған адамдарда бірінші вакцинадан кейін 2-ден 16-ға дейінгі титрде вирусты бейтараптандыратын антиденелердің пайда болуы байқалады. Екінші вакцинадан кейінгі деңгей тұрақты өсуде. Орташа геометриялық титр – 99,5. Осылайша, қазақстандық вакцинаның жоғары имунностимуляциялық белсенділігін көруге болады», - деді ғалым.


Соңғы жаңалықтар