Квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарына толыққанды аудит жүргізу керек - депутат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақсат Раманқұлов квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарына толыққанды аудит жүргізуді сұрады. Осыған байланысты сауал Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың атына жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін қысқарту жөніндегі тапсырмасы аса маңызды. Министрліктер мен әкімдіктер жанындағы көптеген ұлттық компаниялар, холдингтер, РМК мен ЖШС-лар бір-бірінің қызметін қайталайды немесе жекеменшік кәсіпорындар атқаратын функцияларды орындап жүр. Негізі IT-қызмет көрсету, муниципалды автобус парктері, абаттандыру сияқты бағыттар бәсекелестік ортаға берілетін мекемелер», - деді М. Раманқұлов.

Оның айтуынша, мемлекеттік компаниялар жыл сайын шығынға ұшырап жатқанына қарамастан, өздеріне бонустар мен сыйақылар бекітетін мысалдар бар. Жеке бизнесте мұндай айла-амалдар үшін масқара етіп жұмыстан шығарады, сондай-ақ келтірген шығынды өтеуді талап етер еді.

«Күн батареяларын өндіру бойынша KazPV жобасына «Қазатомөнеркәсіп» 88 млрд теңге мемлекеттің қаражатын салды. Ал жеке қолға 1,3 млрд теңгеге, яғни салынған инвестициялардың 1,5 пайызына берді. Яғни «Қазатомөнеркәсіптің» осы шарт бойынша таза шығыны 86 млрд теңгеден асты. Сонда Қазатомөнеркәсіп басшылығы немен айналысып жатыр? Олар өздеріне бонустар жаздырып жатыр. Қазатомөнеркәсіп басшылығының 2019-2021 жылдардағы сыйақысының жалпы мөлшері 4 млрд теңгеден асты», - деді депутат.

Сонымен қатар ол ҚТЖ өзінің топ-менеджерлеріне 2021 жылы 600 млн теңгеден астам төлегенін айтты. Миллиардтаған қарызы мен сыбайлас жемқорлық жанжалы бар ұлттық компаниядағы сыйақы табысты жеке банктерге қарағанда жоғары.

«Бәйтерек» холдингінде 2021 жылы басқарманың төрт мүшесіне сыйақы шамамен 300 млн теңгені құрады. 100 млн-ға жуық бонус алған осы мүшелердің бірі қазақстандық тұрғын үй компаниясының төрағасы болды. Өткен жылдың сәуір айында оның орынбасарына пара алғаны үшін 72 млн теңге айыппұл салынды», - деді М. Раманқұлов.


Соңғы жаңалықтар