Квазимемлекеттік сектор қаражатының игерілуі мәселесі жаңа Бюджет кодексінде қайта қаралады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Квазимемлекеттік сектордағы дивидендтік саясат қайта қаралады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қарау кезінде Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды реформалау бойынша жұмысты жалғастырып келеді. Олар Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымының озық тәжірибелері мен стандарттарына сәйкес келеді. Осының нәтижесінде тиімді, ықшам және ашық квазимемлекеттік сектор қалыптасатын болады», - деді Е.Жамаубаев.

Сонымен қатар ол бұл саладағы дивидендтік саясат та қайта қаралатынын айтты.

«Квазимемлекеттік сектор субъектілері қаражатының игерілуіне мониторинг жүргізу және олардың есептілігіне қатысты мәселе жаңа Бюджет кодексінде қарастырылады», - деді Қаржы министрі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында былтыр Қытайдан келген тауарлар бойынша бюджетке 465 млрд теңгеге кедендік төлем мен салық түскені айтылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 60% артық.


Соңғы жаңалықтар