Квадро және картодромдар, коттедж қалашығы: Зерендіде жаңа нысандар ашылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Зеренді ауданында жазда 3 жаңа нысан ашылады. Бұл туралы аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің ауданға жұмыс сапары барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы курортты өңірде туристік нысандардың құрылысы және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Биылғы жылы курортты өңірде қонақүй нарығында үш жаңа туристік нысанды қолданысқа беру жоспарланып отыр. Оның бірі 2 қабатты  жазғы бес үйшіктен тұратын «Зеренді Парк» қонақүй кешені. Онда демалушылар үшін спорттық және балалар алаңы, отыратын орындар қарастырылған. Оған қоса, алдағы уақытта 5 гектар аумаққа саябақ, квадро және картодром салу жоспарда бар.

Сонымен қатар, Зеренді көлінің жағасында жаңадан салынған «Тамилла» демалу базасы да пайдалануға беріледі. Ағаштан қашалып салынған 2 қабатты 3 корпустан тұратын нысанда 26 номер, асхана және демалып отыратын орындар қарастырылған.

Ал «Зерен»-де коттедж қалашығын кеңейтіп, ауқымды шараларды өткізу үшін жазғы алаңның құрылысы жоспарланып отыр. Зерендінің географиялық ерекшелігі мен табиғи ландшафтының сан-алуандығы туризмнің бірнеше түрін дамытуға қолайлы.

Қазіргі кезде, мұнда жазғы және қысқы туризм қарқынды дамып келеді. Туристер мен демалушыларға 38-ден астам нысан қызмет көрсетеді.

Өткен жылы туристік нысандарда 100 мыңға жуық адамға қызмет көрсетілді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға жоғары. Қаржылай алғанда 2017 жылы 462,2 миллион теңге пайда түсті.

Зеренді ауданында туризмді дамыту үшін жаңадан салынып жатқан «Щучинск-Зеренді» автожолы серпін беретіні сөзсіз. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнесті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Оған қоса, ауданға туристердің ағынын артырады деп күтілуде.

Сапары соңында Мәлік Мырзалин туристік бизнес өкілдерімен Зеренді демалыс аймағын дамыту мәселелерін талқылады. Онда инфрақұрылымды дамыту, қызмет аясын кеңейту, аттракциондары бар саябақ пен спорттың техникалық түрлерінің кешенін және жыл бойы қызмет көрсететін «Ыстық бұлақ» ашық аспан астындағы бассейнін салу, жұмыс істеп тұрған туристік нысандарда емдеу шараларын өткізуге жағдай жасау, демалушылардың қауіпсіздігі мен туристік нысандарға санат беруді және қыс айларында қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.

Аймақ басшысы өңірдің сұлу әрі бай табиғатына назар аударды. Әсіресе, Зерендінің әлеуеті жоғары туристік аймақ саналатынын айта келе, Қазақстан мен таяу және алыс шетелдерден келетін мыңдаған туристерге қызмет көрсетуге мүмкіндігі зор екенін атап өтті.

«Ақмола облысында туристерді Бурбайдан басқа әсем табиғаты және бай тарихымен танымал Зеренді өңірі де қызықтырады. Сол себепті, зеренділіктердің алдында тұрған басты мәселе, ол туристік қызмет сапасын арттыру», - деді Мәлік Мырзалин жиында сөйлеген сөзінде.

Соңғы жаңалықтар