Құзырлы органдар қайғылы жағдайда қайтыс болғандардың санын ашық әрі жария беріп жатыр - Ерлан Саиров

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздегі Алматыдағыдай трагедия қайталанбас үшін қолда бардың бәрін істеуіміз керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір еліміздің Бас прокуратурасының өкілі «Қаңтар қасіреті» салдары, қайғылы қаза болған жандардың ресми санын жариялады. Өкімет органдары Президенттің тапсырмасына орай, қайғылы жағдайда қайтыс болған барша азаматтардың санын ашық, жария жазып жатыр. Бұл дұрыс ұстаным деп ойлаймын. Қанша жанға қиын, жүрекке ауыр болса да хронологияны қайталауды жөн көріп отырмын. Алматыдағы 5-6 қаңтар қайғылы күндері экстремисттер Алматы әуежайына, «Көктөбе» телекешеніне, Шекарашылар академиясына, Алматы ІІБ бірнеше мәрте қарулы шабуыл жасаған. Осы күндері Жамбыл, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе, Талдықорған, Өскемен, Семей әкімдіктеріне бір уақытта шабуыл жасалған. Нәтижесінде 4578 адам жарақат алған, олардың басым көпшілігі құқық қорғау органдарының өкілдері. 225- адам қаза болған. Олардың ішінде 19-құқық қорғау өкілдері, меморгандарға шабуыл жасағандар, байқаусызда оқ астына ұшқандар да жоқ емес...», - деп жазды Е. Саиров әлеуметтік желідегі парақшасында.

Осы орайда ол мұндай трагедия қайталанбас үшін барлық қажетті қадамдарды іске асыру керек екенін атап өтті.

«Өте ауыр жағдай, бұл азаматтар біздің туған-туыс, көрші-қолаң! Баршамызға қайғыра көңіл айтамын! Ұлтқа қастандық, мемлекеттік төңкеріс жағдайында, Мемлекет басшысы халқымыздың өмірін қорғауға уақтылы шешімдер қабылдамағанда құрбандар саны бұдан да зор болуы ықтимал еді. Осындай трагедия қайталанбас үшін қолда бардың бәрін істеуіміз міндет... Болашақта мұндай қазалы ақпаратты жеткізбеуге жазсын... Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Дәл қазір барлығымызға сабыр, салқынқандылық, ақыл-ой, терең түсінік және пайым қажет сияқты. Елімізге тыныштық, ұлтымызға бірлік, қарға тамырлы қазағымызға бейбіт ғұмыр мен ашық аспан берсін! Біздің бірлік, ынтымақ, ықпалдастығымыз арта берсін! Мұндай ауыр кезеңнен тек жұмылған тас жұдырық болып бірігіп қана шыға аламыз. Бүкіл халқымыздың алдында осынау трагедия үшін басымды иемін!», - деп түйіндеді сөзін депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бас прокуратура тәртіпсіздіктер мен террористік шабуылдан қаза болғандардың жалпы санын атады.

«Адам шығыны болған оқиғаларды тергеп, тексеруге ерекше назар аударылуда. Бүгінгі күні 4578 жәбірленуші анықталды. Оның 4353-і жараланды. Оның ішінде 3393 құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Төтенше жағдай кезінде моргтерге қазақ тапқан 225 адам жеткізілді. Олардың бір бөлігі терактілерге қатысқан, ғимарттар мен құқық қорғау қызметкелеріне шабуыл жасаған қарулы бандиттер. Қаза болғандардың ішінде 19 полиция және әскер қызметкерлері де бар. Аталған деректер алдын ала сипатта. Олар әлі нақтыланып жатыр, өзгеруі де мүмкін. Дегенмен, әрбір факт мұқият тексеріледі, нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі», - деді ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев.

Сонымен қатар Бас прокуратура оқиғаның толық хронологиясын жариялады.


Соңғы жаңалықтар