Құжаты жоқ 16,5 мың адам ІІМ-нің қабылдау-тарату орындарына жеткізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы Ішкі істер министрлігінің қабылдау-тарату орындарына тұрғылықты жері жоқ 16,5 мыңға жуық адам жеткізілді. Мұндай деректі Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысының атап өтуінше, белгілі бір тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды сәйкестендіруді ішкі істер органдары қабылдау-тарату орындарында ІІМ-нің криминалистикалық дактилоскопиялық есепке алуын және Бас прокуратураның арнайы есепке алуын пайдалану арқылы жүргізеді. Оның барысында азаматтың фотосуреттері, қол саусақтары мен алақан іздерінің биометриялық деректері енгізіледі.

«Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша 2018 жылы қабылдау-тарату орындарына тұрғылықты жері жоқ шамамен 16,5 мың адам орналастырылған, олардың 16,3 мыңы сәйкестендірілген. Жалпы, өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтардың әлеуметтік проблемаларын шешу және оларға мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері ішкі істер, әлеуметтік қорғау органдарының және өзге мүдделі мемлекеттік мекемелердің ұдайы бақылауында», - делінген Премьер-Министр жауабында.

Соңғы жаңалықтар