Күзгі жиым-терімнен кейін өрт қаупін сейілтпей тұр – ТЖК

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ІІМ ТЖК төрағасының орынбасары Барат Тұзақбаев күзгі жиым-терімнен кейін салғырттық пен абайсыздықтың салдарынан ауқымды аумақтарда құрғақ шөптің өртеніп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы күндері күн жылы боп тұр. Саяжайдағы адамдар, қожалықтағы шаруалар болсын күзгі бақшасы мен егінін жинап алғаннан кейін келесі жылға жерін дайындайтыны белгілі. Сол кезде қалған сабанын, шөбін жағып жібереді. Ал дала желді болса, дәл осыған келгенде өрт қаупінің туындау ықтималдығы артады. Ақыры, өрт тұтас ауқымды аумақтарды алып кетіп жатқан жағдайлар кездесуде. Міне, осындай қауіптердің алдын алу үшін қазіргі уақытта насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді ол елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Комитет өкілінің айтуынша, 7 қазанда еліміздің 4 өңірінде құрғақ шөп жанған. Атап айтқанда, кеше түсте Қарағанды қаласындағы Қазыбек би ауданы «Мир» және «Луч» саяжай қоғамдарының аумағында қоқыстар, ағаш дуал өртеніп, қызыл жалын ақыры 45 саяжай учаскесіндегі құрғақ шөпке ұласқан. «Өрттің себебі – салғырттық» дейді комитет өкілі. Дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында тілсіз жау дер кезінде ауыздықталған. Сол секілді, сағат 13:33-те БҚО Орал қаласы Желаев кентінде құрғақ шөп жанып, өрт Теректі ауданы Әйтиев ауылындағы және Бәйтерек ауданы Жайық-2 ауылындағы орман алқабына ұласқан.

Сағат 14:50-де Бәйтерек ауданында Озерный кентінен 21 шақырым жерде құрғақ шөп, бұталар мен орман алқабы өртеніп, жергілікті атқарушы органдардың күшімен Шолпан ауылынан Рубежка ауылына 30 адам эвакуацияланған. Өрт 8 қазанда сағат 11:01-де ауыздықталып, өртті сөндіруге ТЖД, ПД, Орман шаруашылығы, ЕӨҚ (барлығы 107 қызметкер мен 17 бірлік техника) жұмылдырылған.

Сонымен бірге, сағат 14:06-да Ақмола облысының Бурабай ауданының Наурызбай батыр ауылында 42 га алқапта құрғақ шөптің жанғаны хабарланып отыр. Одан бөлек, ШҚО Күршім ауданының Боран ауылдық округіндегі Жиделі ауылында 180 га алқапта құрғақ шөп, сонымен қатар 22 тонна көлемінде дайындалған шөп өртеніп кеткен. Өрт бүгін таңертең сағат 06:50-де ғана ауыздықталған.

Соңғы жаңалықтар