Күзгі егін орағына дайындық қалай жүріп жатыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Агроөнеркәсіп кешені облыс экономикасының ең маңызды салаларының бірі болып саналады. Былтырғы жылы ұйымшылдық көрсетіп, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын жоғары деңгейде қарсы алған Ақмола облысының диқандары биылда сол үрдістен шығуды көздеп отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Сейілхан Ысқақов айтып берді.

Оның сөзіне қарағанда, биылғы жылы ауа райының қолайсыздығы астықтың шығуы мен пісіп-жетілуіне біраз кері әсер еткен жайы бар.  Дегенмен, диқандардың тынымсыз еңбегі мен қазіргі заманғы технологияны қолдану және көктемгі дән сіңіру жұмыстарының уақтылы жүргізілуінің арқасында гектар түсімі жаман болмайтын көрінеді. Ең бастысы, бар алтын астықты күзгі-жауын шашынға қалдырмай дер кезінде жинап алу болып отыр.

 «Астық түсімі мол болуы бұл азық-түлікке, тұқым және жемге деген ішкі нарықтағы сұранысты толықтай қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді. Қай жылды алсақ та, егін орағын өткізу оңайға соқпайтыны анық. Сондықтан орақ науқанын тиісті агротехникалық деңгейде және барынша қысқа мерзімде өткізу үшін егін ору жұмыстарының стратегиясы мен тактикасын алдын ала талқылаған жөн», - дейді С.Ысқақов.

Осы орайда, бөлім басшысы өңірде күзгі ораққа техникаларды дайындау жұмыстары да ойдағыдай жүргізіліп жатқанын атап өтуде.

«Биылғы науқанға 8668 астық комбайны жұмылдырылады деп жоспарланған, оның 3 мыңы алымдығы жоғары шетелдік техника болып отыр. Бұл техниканың қазір 100 пайызына жуығы дайын. Ал, шалғыға келетін болсақ, облыста оның саны 2466, яғни, 100 пайызы, жүк көлігі және трактор тіркемесінің 100 пайызы жұмысқа әзір», - дейді бөлім басшысы.

Сонымен қатар, облыс аумағында шаруаларды жанар-жағар майымен қамтамасыз ету, механикаландырылған қырман, авто-жүк таразылары және астық кептіру орындарының да дайындығы пысықталуда.

«Өңірде элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарының сыйымдылығын ұлғайту немесе жаңадан салу сияқты жұмыстар да ұдайы назарда. Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешілуде. Күзгі егін орағын ойдағыдай өткізу үшін 75,9 мың тонна көлемінде дизель отыны, 4,7 мың тонна дизель майы және 6,9 мың тонна бензин қажет. Бүгінгі таңда қажетті жанар-жағармайдан 40 мың тонна көлемінде дизель отыны, 4,7 мың тонна дизель майы және 6,9 мың тонна бензин қоры жасалды. Облысқа науқанға қажетті кепілдендірілген дизель отынының 75 мың тоннасы бөлінген.

Егін орағы кезіндегі ең басты мәселе ол астық қабылдау кәсіпорындарының  дайындығы. Осы орайда, биылғы науқанға 229 астық кептіру кәсіпорны мен 487 механикаландырылған қырман жұмылдырылатын болады», - дейді Сейілхан Ысқақов.

Соңғы жаңалықтар