Күздегі халық санағы қалай өтеді
29 қаңтарда Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық санағын қазан айында өткізуді тапсырған еді.
«Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің шешімімен халық санағы биыл өтеді. 2021 жылғы жаңа санақтың ерекшелігі – заманауи цифрлық технологияларды енгізу мен процесті автоматтандыру. Енді халықтан мәлімет жинау екі түрлі тәсілмен жүргізіледі. Бірінші тәсіл – https://sanaq.gov.kz/ арнайы сайтында интернет-сауалнама жүргізу, онда виртуалды көмекші арқылы респонденттер қай жерде орналасқанына қарамастан дербес санақтан өтуге және өзі мен отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік алады», - деп атап өтті Қайрат Келімбетов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Екінші тәсіл – қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып, дәстүрлі үй-үйді аралау. Аралау онлайн режимде санақтан өтпеген респонденттер арасында жүргізіледі.
«Интервьюерлердің жаппай аралау кезінде электрондық планшеттерді пайдалануы да жаңалық болып отыр, бұл планшеттер кейін тиісті өңірлердегі мектептерге беріледі. Үйлерді аралау 1-30 қазан аралығында өтеді. Қазіргі уақытта ұлттық санақты өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары мүдделі мемлекеттік органдарға және облыстардың әкімдіктеріне келісуге жіберілді», - деп түсіндірді Қ. Келімбетов.