Күйзеліс, артық салмақ, темекі мен алкоголь гипертонияға әкеледі – кардиолог

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биылғы үш айда 1,5 мыңнан астам адамға артериялық гипертензия диагнозы қойылды. Сырқаттардың арасында жастар да бар. Дерттің алдын алуға, асқынуға жол бермеуге болады. Облыстық Кардиологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі Марина Митенко ҚазАқпарат тілшісіне аурудың алдын алу жолдары жайында айтып берді.

СҚО Кардиологиялық орталықтың №2 кардиология бөлімі меңгерушісі Марина Митенконың айтуынша, артериялық гипертензия немесе жоғары қан қысымы өте қауіпті. Бұл дерт көптеген органға – жүрекке, бүйрекке және ми қызметіне әсер етеді. Оны «үнсіз өлтіруші» деп бекер айтпаса керек, өйткені алдын ала сезілетін белгілері болмайды. 90-95% жағдайда бастапқы гипертензияның себептерін анықтау мүмкін емес.

«Жиі бас ауырса, көбінесе оянғанда және әдетте желке тұсында ауырса, сондай-ақ, бас айналып, көру қабілетінің бұзылуына әкелсе, көздің алдында қара дақтар пайда болса, құлақ шуылдап, жүрек соғу ырғағы бұзылса, жүрек тұсы ауырып, ентігу пайда болса бірден дәрігерге көрінген жөн. Артериалдық гипертензия миокард инфарктісіне, инсультке, жүректің ишемиялық ауруына, созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне әкеледі. Гипертензия емделмесе, асқынса, созылмалы түрге – гипертонияға ұласады. Гипертонияны, кез-келген созылмалы прогрессивті ауру сияқты, емдеуден гөрі алдын алу оңай. Сондықтан әсіресе тұқым қуалайтын адамдар үшін гипертонияның алдын-алу міндет. Сонымен қатар, қан қысымы жоғары немесе шекаралық нормадағы, әсіресе жастар мен жасөспірімдер дерттің асқынуына жол бермей, күнделікті өмірде бірқатар талапты орындауы керек», - дейді кардиолог.

Артериялық гипертензияның алдын алу бастапқы және екінші болып бөлінеді.

«Бастапқысы – аурудың пайда болуының алдын алуды мақсат еткен. Оны ауырмайтын барлық дені сау адам, әсіресе қатер тобына кіретіндер - тұқым қуалаушылық бар, жұмысы беймаза адамдар ұстануы керек. Ол үшін орталық жүйке жүйесінің жұмысын қалыпқа келтіру, яғни күйзелістің алдын алу қажет.

Нақты күн тәртібі болуы керек – бір уақытта ұйқыдан тұрып, жату, күнделікті таза ауада серуендеу, дене жаттығуын жасау, велосипедпен жүру.

Ұйқыны қалыпқа келтіру, кемінде 7 сағат ұйықтау, рационалды тамақтану - тамақпен тұтынатын килокалорияны есептеуге кеңес беремін. Тамаққа пайдаланатын майдың 2/3 бөлігі зәйтүн, жүгері, күнбағыс майы болуы қажет.

Диетада ұстанып, балықтың, құстың майсыз етін, сүзбе, айранды пайдалану, қант, бал, қамырдан жасалған өнімдерді, шоколад, жарма, күріш жармасын шектеп тұтыну – пайдалы», - дейді Марина Митенко.

Маманның айтуынша, артық салмақ болған жағдайда оны азайту керек, салмақ жоғалтпай, гипертонияның алдын алу туралы айтудың қажеті жоқ.

«Темекі шегуден бас тарту, алкогольді тұтынуды шектеу – бұл да дерттің алдын алуға сеп. Ас тұзын тұтынуды азайту, мөлшері күніне 5 аспауы керек, сол себепті тамақты тұздамау, оның орнына тағамның дәмін жақсартатын басқа заттарды, мәселен түрлі тұздықтарды, аз мөлшерде бұрыш, сірке суы және т.б. қолдану.

Калий, кальций және магний тұздары көп тағамдарды - майсыз сүзбе, ақжелкен, бұршақ, қара өрік, қызылша, пісірілген картоп, кептірілген өрік, тұқымсыз мейізді қолданған жөн», - дейді Марина Митенко.

Екінші профилактика артериялық гипертензия диагнозы қойылған науқастарда жасалады. Оның мақсаты - асқынулардың алдын алу. Сонымен қатар, профилактиканың бұл түрі екі жолмен – дәрілік және дәрілік емес емдеу, негізінен, бастапқы алдын алуға ұқсас, тек талаптары қатаң.

«Адам тұқым қуалаушылық пен қоршаған ортаны өзгерте алмағанымен, өмір сүру және тамақтану салтына әсер ете алады. Дәрілік терапия – жоғары қан қысымын мақсатты түрде түсіретін дәрігер тағайындаған дәрілерді қабылдау. Артериялық гипертензиямен ауыратын науқастар дәрігердің ұсынымдарын қатаң сақтауы керек және дәрі-дәрмектерді тағайындау бойынша қабылдауы керек, осылайша асқынуларға жол бермейді», - дейді кардиолог.

Артериялық гипертензияның алдын-алу үшін таңертең және кешке қысым деңгейін жүйелі бақылауды әдетке айналдырған жөн.

«Емдеуші дәрігердің кеңесін бұлжытпай орындау қажет, ал маза кетіп, жағдай нашарлайтын болса уақытты созбай бірден маманға көріну керек. Ауруды емдеуден гөрі алдын-алу оңай және арзан екенін еске саламын.

Былтыр СҚО-да 5083 адамға артериялық гипертензия диагнозы қойылды. 6 адамның ажалы осы дерттен болды. Биыл үш айдың ішінде 1549 адамда осы сырқатты анықтадық», - дейді Марина Митенко.


Соңғы жаңалықтар