Күйші: Қазақтың қара домбырасының арқасында әлемнің талай елін араладым

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында дүниеге келген Дарын Құдайберген күмбірлетіп күй шертіп, әуелетіп ән айтып, тыңдарманның талғамынан шығып жүрген өнерпаздардың бірі. Талай республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған ол домбыраны қолға алып, әлемнің түкпір-түкпірінде өнер көрсеткен. ҚазАқпарат тілшісі Ұлттық домбыра күніне орай күйшімен хабарласып, азырақ сұхбат құрған еді.

- Домбыраға деген қызығушылығыңыз қалай оянды?

- Әке-шешем дәстүрлі әнші болғандықтан ес білгелі ұлттық аспаптың үнін естіп келемін. Алты жасымнан бастап домбыра шертуді үйрендім. 9-ға келгенде үйірмеге жазылып, ұзтаздардың тәлімін алдым.

Мектепте бірінші сыныптан бері түрлі концерттерде өнер көрсеттік. Ал 5-ші сыныптан конкурстарда бақ сынай бастадым.

- Ең алғаш қандай байқауда жеңімпаз атандыңыз?

- 2008 жылы Семейдегі қалалық байқауға қатысқанымда бас жүлде бұйырды. Содан кейін облыстық байқауға жолдама алып, бірінші орынды иелендім. 2009 жылы республиканың кіл үздіктерімен бақ сынасып, бірінші орынды қанжығама байладым.

Осыдан кейін шабытым ашылып, күйшілердің түрлі сайыстарынан қалыс қалмауға тырыстым. Мұндай жарыстар одан сайын шыңдала түсуіңе мол әсер етеді. 2016 жылы алғаш рет халықаралық байқауда бақ сынадым.

Елордада ұйымдастырылған бұл шарада үздік атандық. Сондай-ақ 2019 жылы Жезқазған қаласында өткен Кетбұға жырау атындағы «Ақсақ құлан» халықаралық байқауында да өнер көрсеткен едім.

Қырғызстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан, Қытай мен Монғолиядан күйшілер келген жарыста бас жүлде алуым мен үшін үлкен мәртебе болды. 1 млн теңге ақшалай сыйлық та берілді.

- Репертуарыңызда қанша күй бар? Оның ішіндегі сүйікті күйлеріңізді атап өтсеңіз.

- 200-ге жуық күй шертемін. Бірақ «мынау менің сүйікті күйім» деп оның ешқайсысын бөліп-жара алмаймын. Өзім күй шығарып та көрген емеспін. Күй ғана шертпей, халық әндерін де айтамын.

- Өзіңіз үлгі тұтатын күйшілер бар ма?

- Әрине. Өнерін ерекше бағалайтын күйшілерім – Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияров және Генерал Асқаров.

- Әлемнің қай елдерінде өнер көрсеттіңіз?

- Төрткіл дүние елдерінің халқы төл аспабымызға ерекше қызығушылық танытады. Бұған шетелге шыққанда көзім анық жетті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Шабыт» домбырашылар ансамблі құрамында Нью-Йорк, Вашингтон, Париж, Лондон, Берлин, Прага, Будапешт, Шопрон сынды әлемдік шаһарларда және Қытай мен Ресейдің түрлі қалаларында өнер көрсеттік.

«Адай», «Әлқисса», «Балбырауын», «Сарыарқа» сынды танымал күйлерді орындадық. Халықтың бізге деген ілтипаты, қошеметі керемет болды.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің филормониясындағы «Сарыарқа» фольклорлық ансамблінің артисі болып жұмыс істеймін. Күйші ретінде өзімді ары қарай дамыта бергім келеді.

Қазақтың қара домбырасының арқасында өз орнымды таптым, әлемнің талай елін шарладым. Ұлттық аспапқа деген махаббатым ешқашан сөнбейді. Өле-өлгенше домбыраны қолымнан тастамаймын.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар