Күйші Дина сквері, студенттік карта: Астаналықтардың қандай идеялары іске асырылуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда «Birge» платформасында идеялар модерациясының екінші кезеңі аяқталды. Онлайн-дауыс беру нәтижелері бойынша жүзеге асырылатын төрт идея анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімдігінен мәлім еткендей, жақын арада онлайн-дауыс беру үшін елордалықтардың тағы 30-ға жуық идеясы ұсынылатын болады. Іріктелген ұсыныстар алдағы IT-кеңесте қаралады.

«Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша Birge платформасы іске қосылған болатын. Алғашқы сәттен бастап тұрғындар қаланы дамытуға белсенді араласты. Елордалықтар 290-нан астам идея ұсынды. Олардың көпшілігі білім беру, экология, қоғамдық кеңістік, урбанистика және әлеуметтік сала идеяларын қолдады», - деді әкімдіктен.

Елорда тұрғындарының үздік идеяларына тоқталсақ:

1) «Студенттік карта».

Идея авторы Д. Нығыманов «білім беру» тақырыбы бойынша қоғамдық көлікке ақы төлеу, стипендияны толықтыру, университетке кіру, мекемелердегі жеңілдіктер және тағы басқасы үшін бірыңғай студенттік карта жасауды ұсынды.

2) «Қоқысты бөлек жинау».

Идея авторы — Ж.Санзыбаев. Ол «экология» санатында көлік картасына немесе телефонға ақша аудара отырып, тұтас пластик бөтелкелерді, сыра, алюминий және шырын құтыларын жинау үшін терминалдар орнатуды ұсынды.

3) «Күйші Дина атындағы сквер орнату»

О.Жақыпова «қоғамдық кеңістік» тақырыбы бойынша қалада сквер ашып, Дина Нұрпейісованың мүсіндік композициясын орнатуды ұсынды.
4) «Балалар арбасының, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, велосипедтердің кедергісіз өтуі үшін жиектастарды қайта жасау».

Б.Сәбденов урбанистика санатында осы идеяны ұсынып, балалар арбаларының, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен велосипедшілердің жүріп өтуіне ыңғайлы болу үшін көшелердің, жаяу жүргіншілер жолдарының, ғимараттардың, скверлер мен саябақтардың белгілі бір учаскелерінен кедергісіз өтуіне мүмкіндік беретін жиектерді арнайы съездермен жабдықтауды ұсынды.

Азаматтардың идеяларымен және іске асырылу барысымен Birge платформасындағы «іске асыру идеялары» бөлімінде танысуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, Birge платформасы «Нұр-Сұлтан — жайлы қала» мастер-жоспары аясында қаланы дамытудағы жобалар пулын қалыптастыру үшін құрылған. Мұнда маңызы бар ұсыныстар, дайын шешімдері бар қызықты идеялар қарастырылады.

Іске асырылатын идеялардың толық тізімін мына жерден көруге болады. Байланыс: 55 73 61. E-mail: [email protected].


Соңғы жаңалықтар