Күйік шалған талғарлық балаға Оңтүстік Кореяда 70 мың долларға ота жасалады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Корея дәрігерлері 7 жастағы күйік шалған талғарлық балаға ота жасайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күрделі ота 70 000 АҚШ долларына бағаланып отыр.

Бұл сомаға баланың мойын, бет, иық тұстарындағы жиырылған тері алынып, коллагені бар жасанды тері жапсыратын болады.

«Дом» қайырымдылық үйінің директоры Аружан Саиннің айтуынша, осы уақытқа дейін қайырымды қазақстандықтар баланың емделуіне 3 852 411 теңге жинап берген.

«Қазақстандықтар арнайы ашылған шотқа 3 852 411 теңге аударды. «Самұрық Қазына Траст» компаниясы 30 000 АҚШ долларын аударды. Қалған 28 150 АҚШ долларын атын атамауды өтінген компания аударатын болды», - деді Аружан Саин.

Оның айтуынша, Ханган Сансим күйік орталығы 3 кезеңге бөлінген отаны бір уақытта жасауды қолға алып отыр.

«Бала орталыққа келген соң емдеу жоспары құрылады. Оның денесінің 50 пайызын күйік шалған. Балалардың үлкендерден ерекшелігі терісі өседі емес пе?. Ал күйген тері жиырылып қалады. Соның кесірінен баланың денесі жиырылып ауырады. Коляның қолы, мойны, иықтары барлығы жиырылып қалған. Бала өздігінен аузын жаба алмайды. Қолы жоғары көтерілмейтін. Қазақстан дәрігерлері тек баланың басқа жерінен тері алып ауыстырып сала алады. Бұл жағдайда Коляның алатын терісі жоқ десе де болады. Ханган Сан Сим мамандары балаға жасанды тері жапсырады, бұлшық еттерін қалпына келтіреді. Бүлдіршінге 3 рет наркоз салмау үшін бірден кеуде тұсына ота жасауды қолға алмақ», - деді Аружан Саин.

Бүгінде Коля мен оның басы-қасында болатын медициналық қызметшінің шетелдік паспорты дайын.

Дәрігерлік құжаттар түгел рәсімделіп болған соң қаңтардың соңы, ақпанның басында олар Оңтүстік Кореяға ұшып кетпек.

Қазір бүлдіршін «Ковчег» балалар үйінде тұрып жатыр.

«Жақында ғана Астанада қолына ота жасалды. Ота сәтті өтті. Енді Николай екі қолын жоғары көтере алады. Баланың мүмкіндігі арта түсті. Бүлдіршінмен орталықтың педагог мамандары айналысып жатыр.

Айта кету керек, Талғар ауданының 7 жастағы тұрғыны Николайдың тағдыры туралы ең алғаш Аружан Саин дабыл қақты.

Кейінірек бұл істі Алматы облыстық әкімдігі жіті бақылауына алды.

Белгілі болғандай, баланың анасы ішімдікке салынып кеткен.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелдің айтуынша, қазір анасы мәжбүрлі түрде емделіп жатыр. Оны аналық құқығынан айыру ісі әкімшілік соттың қарауында.

Соңғы жаңалықтар