«Күйеуінен зәбір көргендер көбейді» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 10 желтоқсан, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Тарихтың түпқазығы - Таңбалытас» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Алматы облысының Жамбыл ауданы аумағында орналасқан ашық аспан астындағы Таңбалы - Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі қазақ халқының ғана мақтанышы емес, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген аса құнды жәдігерлеріміз сақталған киелі тарихи мекен. Таңбалы археологиялық кешені жоғалып кеткен дала өркениетінің ерекше куәгері, қоршаған ортаға бейімделудің төтенше жоғарғы деңгейі, табиғатпен үндесу және табиғи ландшафты экологиялық заласыз пайдалану оның маңызды сипаттық белгісі болып табылады. Мұнда республикалық маңызы бар ескерткіштер саны, 100-ге жуық. Атап айтқанда, шатқал іші археологиялық қорғандар, қорымдар мен қоныстарды құрайды. Ашық аспан астындағы қорық-музейіндегі ерекше қорғалатын ортаңғы аймақта 5000-ға жуық жартас суреттері (петроглифтер) кездеседі. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, осы көлемді мақаланы оқып шығыңыз.

Бас басылымда «Жаңаарқада мамонт мүйізі табылды» деген матариал берілген. Бұл ғажайып олжаны Жеңіс ауылына жақын жердегі «Арман 100» ЖШС-іне қарасты карьердегі қазу жұмыстары кезінде жұмысшылар кездестірді. Алдыңғы күні мамонт мүйіздері облыстық мұражайға жеткізілді. Салтанатты таныстыру рәсімінен түйгеніміз, қос мүйіз алты метр тереңдіктен табылған. Бірінің ұзындығы - 2 метр 10 сантиметр, екіншісінікі - 1 метр 80 сантиметр. Алдын ала болжам бойынша, бұл палеолиттің соңғы кезеңі, яғни, б.д.д. 12-6 мың жылдары өмір сүрген жануар. Ересек мамонттардың мүйізі 4 метрге дейін жететінін ескерген мұражай қызметкерлері: «Бұл - 4-5 жасар зіл болуы мүмкін», - деп отыр.

Ғалымдардың пайымынша, зілдердің басым бөлігі осыдан он мың жыл бұрын шамасында қырылып қалған. Олардың жойылу себебін әлі күнге ешкім дөп басып айта алмай келеді. Бір тарап «адамдар ұйымдастырған қанды қасаптан жойылды» десе, екіншілері «ауа райының жылынуынан өмір сүру ареалы тарылып, аштықтан қырылып қалды» деген пікірде.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Алматы полициясы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша биылғы 10 айдың ішінде тіркелген статистиканы жариялады. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады. Жүргізілген мәліметке сәйкес, Алматы қаласында туысқандарына тұрмыстық зомбылық көрсеткені үшін 800 адам, отбасылық жағдайда психологиялық қысым көрсеткені үшін 450 адам жауапкершілікке тартылған. Қазақстан заңнамасы бойынша тұрмыста зорлық көрген адамды қорғайтын тетіктер бар. Біріншіден, қол көтерген адамға қарсы қорғау ұйғарымы толтырылады. Оны бұзған жағдайда адам сот шешімімен 5 тәулікке қамау түріндегі әкімшілік жазаға тартылады. Қазірдің өзінде 2289 Алматы тұрғынына қорғау ұйғарымы толтырылған. Соған сәйкес солар профилактикалық есепке алынады. Осы жайында «Күйеуінен зәбір көргендер көбейді» деген мақалада берілген.

Осы басылымда «Төлем жүйесінде доллардан бас тарту мүмкін бе?» атты мақала жарияланды. Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім күшіне енуіне 1 ай уақыт қалғанда бірнеше мәселе шығып жатыр. Соның бірі - «евро мен доллардан бас тартамыз» деген ресейлік сарапшылардың ұсынысы. Тіпті одаққа мүше елдер арасында аталған әлемдік валюталармен алыс-беріс жасауға тыйым салу деген де айтылды.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, ЕЭО әлемдік экономиканың титімдей ғана бөлшегі. Ол жаһандық тұрғыда әлемдік экономикаға ықпал ете алмайды. Біздің елді халықаралық қауымдастықпен долларлық немесе евролық операциялар байланыстырады. Біздің тек ЕЭО емес, басқа да халықаралық қауымдастықтармен экономикалық, саяси мүддеміз бар.

- Өткен жылы ЕО-ға мүше елдермен тауар айналымымыз 50 млрд. АҚШ долларынан асты. Бұл Қытай немесе Ресеймен салыстырғанда екі есе көп. Сол себепті бізге халықаралық қаржылық төлем жүйесінде доллардан бас тарту әзірге тиімсіз. Тіпті 3 трлн. АҚШ долларын резервте ұстап отырған Қытайға да АҚШ долларынан бас тарту тиімсіз. Сондықтан бүгін-ертең доллардан бас тарту әлемдік экономикаға үлкен қатер төндіреді, - дейді Досым Сәтпаев.

***

«Экспресс-К» газетінің соңғы санында «Золотой теленок» деген мақала басылды. Солтүстік Қазақстан облысының фермелеріне енді шетелден асыл тұқымды ірі қара малды сатып алуға қомақты қаржы жұмсаудың реті жоқ. Асыл тұқымды сиырлардың басын жергілікті жерде эмбриондардың трансплантациясы арқылы көбейтуге болады екен. Бұл жобаның авторы ретінде облыстағы Мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының 28 жасар қызметкері Регина Махметова танылды. Ол кәсіпкерлер палатасы мен «Зумрад» корпорациясы ұйымдастырған республикалық байқауда екінші орын алып, 2,7 млн. теңге көлемінде грант алды. Бұл қаржы қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсалмақ.

Соңғы жаңалықтар