Күйеуі үстіне бензин құйып, өртеп жіберген әйелдің беті бері қарады
«2019 жылдың 6 қазанында Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына шұғыл жеткізілген, денесінің 75 пайызын күйік шалған зардап шегушінің жағдайы тұрақты ауыр күйде. Жақсару динамикасы байқалады. Науқас есін біледі. Өздігінен демалып жатыр. Бүйрек жеткіліксіздігі сақталуда», - деп хабарлады Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, осыдан бір ай бұрын елордалық азамат отбасылық жанжал кезінде әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген еді.
«6 қазан күні сағат шамамен 11.40-та полицияға автобус аялдамасында денесін күйік шалған әйелдің отырғаны туралы ақпарат түсті. Әйел тез арада ауруханаға жатқызылды. Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері күдікті ретінде оның 43 жастағы күйеуін ұстады», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті.
Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты дәрігерлері әйелдің аман қалуы екіталай екенін хабарлаған еді.