Күйеуі – әскери қызметкер, әйелі – мұғалім. ШҚО-дағы отбасыға төтенше жағдай қалай әсер етті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Әлемді әбігерге салған жұқпалы дерт әр отбасының өмірін, тыныс-тіршілігін өзгерткені рас. Өскемен қаласында тұратын жанұяның отағасы әскери қызметкер, ал жұбайы мұғалім болып еңбек етеді. Олар ҚазАқпарат тілшісіне Төтенше жағдайдың өздеріне қалай әсер еткенін, жұмыстарының қалай жүріп жатқанын айтып берді.

Отбасының тірегі Руслан Оразалин Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің рота командирі. Әскери шені – капитан. Қазір жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күні-түні патрульдеуде жүр.

«Жұмысымыз таңғы сағат 06.00-де басталады. Көшелерді аралап, тұрғындардың бейберекет жүрмеуін қадағалаймыз. Коронавирус кеселі кең тарап кетпес үшін әр адам үйінде отырып, заңға бағынғаны жөн. Осыны жұртшылыққа түсіндіреміз», - дейді ол.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Тимирязево ауданында дүниеге келген Руслан 2014 жылы Петропавлдағы әскери институтты тәмәмдаған. Сол жылы Өскеменге жұмысқа жіберіліпті. Еңбектің жалауын жықпай, өзін жақсы қырынан көрсеткендіктен әскери бөлімге 2019 жылы рота командирі болып тағайындалған.

«Әрине, әртүрлі адамдар болады. Айтқаныңды тыңдағысы келмей, өз ойын дәлелдеп шығатындар да кездеседі. Олардың барлығына қосымша шектеулер жайлы және заңды аттағандарға тиісті жаза бар екендігі туралы жеткіземіз. Мұндай шаралардың барлығы азаматтардың денсаулықтары үшін жүргізілуде. Осыны кейбіреулер түсіне бермейді», - дейді ол.

Кешке қарай әскери қызметкерді үйінде әркез әйелі Назым мен ұлы Әмірлан күтіп отырады. 2016 жылы шаңырақ көтерген жас отбасының тұңғыштары тамыз айында 3-ке толады.

Күйеуі тәртіпті күзетсе, жұбайы өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуда. 1991 жылы Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында туған Назым Оразалина бала күнінен бері мұғалім болғысы келгенін айтты.

«2012 жылдан бері Өскемен қаласындағы IT-мектеп лицейінде бастауыш сыныптарына ағылшын тілінен сабақ беремін. Қазір төтенше жағдайға байланысты қашықтан оқытып жатырмыз. Ата-аналар тарапынан көптеген сұрақтар туындағаны рас. Олармен хабарласып, бәрін түсіндіреміз. Балаларға тапсырма беріп, баға қоямыз», - дейді ол.

Ерлі-зайыптылар барлық жеке бас гигиена шараларын қатаң сақтайды. Руслан үйге келген бетте беті-қолын сабынмен жуады. Әйелі рұқсаттама бойынша тақ күндері дүкенге немесе дәріханаға барғанда медициналық маска мен қолғап киіп шығады.

«Бұл уақытша сынақ қой. Сондықтан бәріміз сабырлық танытуымыз керек. Қазақта «Сақтанғанды Құдай сақтайды» деген сөз бар. Жерлестерімді бірінші кезекте аса қажеттіліксіз далаға шықпауға, заң талаптарын бұзбауға шақырамын», - дейді Назым.



Соңғы жаңалықтар