Күйдіргі несімен қауіпті – санитар дәрігер

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында шамамен отыз жылды араға салып, тұрғындар арасында күйдіргі жұқтырудың дерегі тіркелді. Осыған орай мамандар күйдіргі ауруына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, сібір жарасы - жануарлар мен адамдардың аса қауіпті жұқпалы ауруы. Көп жағдайда қауіпті инфекцияны жұқтырудың арты өліммен аяқталады.

«Оттегі болған жағдайда сібір жарасы қоздырғышының ағзадан тыс споралары пайда болады. Жануарлар қарасанды топырақ арқылы жұқтырады. Бұл ауруды тудыратын микробтар ондаған жылдар бойы топырақта сақталуы мүмкін және белгілі бір жағдайларда көбейеді.

Жануарлар ауруды көбінесе инфекцияланған шөпті жеген кезде жұқтырады. Сонымен қатар қарасанмен жануарлар құрғақшылық жылдары ауырады. Мал аласа шөппен бірге топырақтағы инфекцияны бірге алады. Ал адамдар бұл күйдіргіні жануарлардан жұқтырады», - дейді Арман Күшбасов.

Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан бастап, бір аптаға дейін, көбінесе бұл кезең 2-3 күнге созылады.

«Адамдардың инфекцияны ауру малдан, олардың ет-сүтінен және ауру жануарлар тұрған ортадан да жұқтыруы мүмкін. Көбінесе адамдар ауру жануарларды асырағанда, оларды мәжбүрлі түрде союда және ауру малдың етін өңдегенде жұқтырады. Ал инфекция олардың терісімен, жүнімен және сүйегімен жұмыс істеу барысында сирек жұғады», - дейді санитар дәрігер.

Күйдіргі ауруының алдын алу үшін бірқатар ережені естен шығармаған жөн.

«Жануарларда ауру белгілері байқалса бірден ветеринариялық дәрігерді шақырту қажет. Ет және басқа да мал өнімдерін арнайы орындардан - базарлардан және дүкендерден сатып алу қажет, өйткені онда олар ветеринариялық-санитариялық сараптамадан кейін ғана сатылады», - дейді Арман Күшбасов.

Бұған дейін СҚО Ақжар ауданындағы Горький елді мекенінде бір тұрғынның күйдіргі жұқтырып ауруханаға түскенін айтқан едік. Науқастың жағдайы қалыпты. Дәрігерлер бақылауда ұстап отыр.

Жалпы сібір жарасы СҚО-да соңғы рет 1994 жылы Тимирязев ауданында тіркелген екен.


Соңғы жаңалықтар