Құтқарушыларды сынамай, алғыс айту керек - министр Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Боранды күні жолда қалған адамдарды не себепті көбінесе ТЖД емес, еріктілер құтқаруына тура келді?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен сіздің пікіріңізбен келіспеймін. Біздің өлкеде қыс мезгілі өте суық болатынын жақсы білеміз, бірақ Нұр-Сұлтан қаласында биыл жауған қар мөлшері өте көп. Мұндай құбылыс 55 жыл бұрын болған. Биыл жауған қар мөлшері бойынша рекорд орнатты», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.

Ол құтқару қызметі азаматтар қар астында қалмас үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанын айтты.

«Ең басында мобильді оператор, БАҚ, радио арқылы тасжолдар жабық екені туралы ақпарат таратылып, қандай жағдай болса да жолға шығуға болмайтыны туралы хабарланады. Адам өмірі бәрінен маңызды екенін ұмытуға болмайды. Боран болған күндері еліміз бойынша 1 500 адам мен 600-ден астам техника құтқару жұмыстарына жұмылдырылды. Бұл кезде ТЖК ғана емес, әскери қызметкерлер, полиция қызметкерлері, жол қызметі мен әкімдік қызметкерлері, дәрігерлер де жұмылдырылды. Бұл адамдар тәулік бойы жұмыс істеді», - деді ол.

Сондай-ақ, министр қызметіне адал мамандар туралы мысал келтірді.

«Боранды күндердің бірінде Павлодар облысындағы Жетекші ауылының тұрғынында инфаркт болған. Қар қалың болғандықтан жедел жәрдем көлігі үйдің ауласына жете алмай қалған. Дәрігерлер үйге жаяу жетіп, науқасты екі шақырым қашықтықта тұрған көлікке дейін зембілмен көтеріп алып келген. Мұндай мамандар қандай құрметке болсын лайықты. Тағы бір мысал: Теміртау-Қарағанды бағытындағы тасжолда Дамир Құдайбергенов есімді азамат патрульдуге шығарылған. Ол әріптестерімен бірге 40 адамның өмірін құтқарып қалды. Оның фотосуреті Қазнетте тарап кетті. Құтқарушылардың көмегімен 3 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Бұл сандар өсе беруі мүмкін. Құтқарушыларды сынамай, алғыс айту керек. Жолда қалғандарға, құтқарушыларға өз еркімен көмектескен адамдар туралы да ұмытпауымыз керек. Олардың бірі ыстық тамақ алып келсе, енді бірі бензин беріп, енді бірі жататын жер ұсынды», - дейді Абаев.


Соңғы жаңалықтар