Құтқарушылар үш күн бойы хабарсыз кеткен ақтөбелікті тапты

None
Видеодан алынған кадр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мал іздеуге шығып, адасып кеткен 35 жастағы ер адам табылды. Ол үш күн бойы далада түнеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

16 сәуір күні сағат 18:15-те 112 құтқару қызметіне хабар түсті.

Онда Әйтеке би ауданы Толыбай ауылынан Жабасақ ауылы бағытына қарай мал іздеп шыққан адамның жоғалып кеткені айтылған.

«Бұл күндері ауданда дауылды ескерту жарияланған. Хабарламаға қарамастан ер адам жоғалған малын іздеуге шыққан. Сөйтіп адасып кеткен. Іздестіру-құтқару жұмыстарына аудандық ТЖБ қызметкерлері, полиция бөлімі және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Жұмыс 3 күнге созылды. Нәтижесінде жоғалған азаматты құтқарушылар 18 сәуір күні сағат 10:45-те Ақсу қыстағынан 5 км қашықтықтан тапты. Құтқарушылар 35 жастағы ер адамды Толыбай ауылына жеткізді. Жағдайы тұрақты, медициналық қызметкерлерінің бақылауында»,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Еске салсақ, өткен демалыс күндері Ақтөбеде қар жауып, боран болды. Құтқарушылар бірнеше ауылда құтқару жұмысын жүргізді.

Сонымен бірге бір сәтте 7 ауданда ондаған ауыл жарықсыз қалды.

Әлі күнге дейін облыстық Хромтау, Әйтеке би, Мәртөк, Шалқар, Қобда, Ырғыз аудандарындағы 17 ауылда жарық жоқ.


Соңғы жаңалықтар