Құтқарушылар Түркиядан аман-есен оралған соң міндетті түрде марапатталады

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Түркиядан аман-есен оралған соң құтқарушылар міндетті түрде марапатталады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Жақында Түркияда жойқын жер сілкінісі болғанын білесіздер. Менің тапсырмаммен бауырлас Түркия еліне құтқарушылар және дәрігерлер жіберілді. Олардың арасында Ақмола облысының мамандары да бар, яғни 18 адам. Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтамын! Түркиядан аман-есен оралған соң оларды міндетті түрде марапаттаймыз», - деді Президент.

Еске салсақ, 7 ақпан күні Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Алматыдан жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Түркияға аттанды. Олар 14 күнге дейін автономды жұмыс істей алады.

8 ақпан күні қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны – жеке құрамнан 60 адам, олардың ішінде ТЖМ құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, кинологиялық есептер аттанды.

Қазақстандық құтқарушылар Түркияда іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізе бастағалы 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Сондай-ақ, қайтыс болған 80 адамның денесін үйінді астынан шығарды, олардың жетеуі – бала.

Айта кетсек, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына қосымша гуманитарлық көмек жіберу жөнінде Үкіметке тапсырма берді.


Соңғы жаңалықтар