Құтқарушылар республикалық турнирде өзара мықтыны анықтады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қазақстан құтқарушылары арасында республикалық турнир биыл Ақтау қаласында өтті. Дода қорытындысында Нұр-Сұлтан қаласының командасы бірінші орынды иеленсе, Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары екінші орынға жайғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша турнир Ақтау қаласындағы «Жас қанат» спорт кешенінде өтті.

ҚР «Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігі атқарушы комитетінің директоры Дәурен Данаевтың айтуынша, өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша мұндай жарыстар қызметкерлердің ұйымшылдығын арттырып, жұмысқа, спортқа деген құлшынысын, ниетін арттырады.

Турнирде 9 облыс және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары төтенше жағдайлар департаменттерінің командалары, сондай-ақ Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының құрама командасы және 12 әйелдер командасы сынға түсті.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір намысын қорғауға ең мықты деген құтқарушылар аттанды.

«Командалар әуелі кедергілері бар жүз метрлік жолақтан жүгіріп жарысты. Онда өңір спортшылары үшінші орын алды. Ал оқу-жаттығу мұнарасының 4-қабатының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілуде біздің спортшылар бірінші болды. Екі жарыстың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан командасы Нұр-Сұлтан қаласының командасымен ұпай саны бірдей болып, бірінші орынды бөлісті. Алайда, жауынгерлік қанат жаюда бірнеше секунд жетпей қалды. Жарыс қорытындысы бойынша ШҚО ТЖД спортшылары екінші орынды иеленді», - делінген ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар