Құтқарушылар күні: Өрт сөндірушілер үшін әр секунд маңызды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл сайын 19 қазан күні елімізде Құтқарушылар күні атап өтіледі. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша №4 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесіне барып, бөлімше командирімен сұқбаттасып қайтты.

Бұл бөлімше 2017 жылы ашылған. Мұнда қазіргі кезде 90 адам жұмыс істейді. Атап айтқанда, 12 бөлімше командирі, 4 аға инженер, 4 аға өрт сөндіруші және қатардағы өрт сөндірушілер. Жақында құрылған бөлімше болғандықтан, мұндағы қызметкерлердің басым бөлігі – жастар. Олардың орташа жасы – 25-28 аралығы. Бөлімшеде өрт сөндірушілер төрт ауысыммен жұмыс істейді. Бір ауысым 24 сағатқа созылады.

Жалпы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 14 өрт сөндіру бөлімшесі бар. Аға сержант Азамат Рахымжановтың айтуынша, әр бөлімшеге белгілі бір аудан бекітіледі. Мысалы, №4 Өрт сөндіру бөлімшесі Ұлы Дала көшесі, Қарағанды тасжолы, Қосшыға дейінгі аудан және Қабанбай батыр көшесінің сол жағындағы төтенше жағдайларға шақырту алады.

Құтқарушылар үшін әр секунд маңызды. Дабыл қағылғаннан кейін өрт сөндірушілер бөлімшеден бір минуттың ішінде шығып кетуі керек. Аталған аудандарға жету уақыты – 10 минут.

Өрт сөндірушілердің жұмыс киімі өртке төзімді келеді. Алайда оның күші тек бес секундқа ғана жетеді. Әрі қарай адам ыстықтың жанында қалса, ол еріп кетеді немесе теріге жабысып қалады.

«Өрт сөндірушілер бес қағида бойынша жұмыс істейді. Олар: адам өмірін құтқару, жарылатын заттардың алдын алу, мүлікті қорғау, жалынның басқа ғимараттарға таралуын болдырмау», - дейді бөлімше командирі.

Құтқарушылар жұмысының негізгі мақсаты – адам өмірін аман алып қалу. Осы орайда өрт сөндірушілердің барлығы алғашқы медициналық көмек көрсетуге жаттыққан.

Өрт сөндірілгеннен кейін оның себебін анықтауға арнайы комиссия құрылады. Кем дегенде 3-4 күн ішінде аталған комиссия өрттің неден болғанын анықтайды. Жиі болатын себептер – электр сымдар желісінің дұрыс жалғанбауы және жер үйлердегі пештің дұрыс салынбауы. Сонымен қатар шақырту түрлері мезгілге байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, жаз және қыс айларында өрт жиі болады. Жазда кұрғақ шөп өртенсе, ал қыста жер үйлерде жиі өрт болады.

Ал өрттің ең қауіпті түрі – жарылатын заттардан болатын өрт. Осы жылдың 2 маусымында Жібек жолы ауданындағы автожанармай құю бекетінде 17 текше метрлік цистерна жанған. Бұл өртке №4 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің жасағы жіберіледі.

«Өрт сөндіруге өзім де қатыстым. Сол күні бізді басқа бөлімшеге жіберді. Онда жеткеннен кейін жарты сағат өте дабыл қағылды. Бөлімшеден шыққан тұста ішіне газ толған цистернаның лаулап жанып жатқанын көрдік. Оқиға орнына жеткен кезде өрт сөндіру көлігін оттан алыс жерге қойдық. Цистернаға жақын 200 метрде ешкім болған жоқ. Су мен көбік беріп, өртті 20-25 минут ішінде толығымен өшіре алдық. Бұл цистерна жанып кетсе, от жанындағыларға өтіп кететін еді. Бұл менің қызметімдегі ең ауыр жағдай болды», - дейді Азамат Алтайұлы.

Өрт сөндірушілер жұмысындағы тағы бір қиын нәрсе – биіктік. Сол себепті көп қабатты үйлердегі өртті сөндіруге біраз күш керек. Сонымен қатар мұндай үйлерде түтін көп тарайды, ал адам иіс газына тез уланып қалады. Одан бөлек, қабат бойынша эвакуация жоспарына сәйкес адамдарды іздестіру де уақыт алады.

Бөлімше командирінің ойынша, өрт сөндіруші шыдамды болуы керек. Тапсырманы бұлжытпай орындауы тиіс. Сонымен қатар өрт сөндіруші ретінде жұмысқа қабылдау үшін қойылатын негізгі талап бойынша кандидат физикалық тұрғыда мықты болуы керек. Көкшетау қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы өрт сөндірушілерді дайындайды. Бұл оқу орнын тәмамдаған өрт сөндірушілер болашақта офицер бола алады. Олардың лауазымы еңбек өтіліне байланысты жоғарылап отырады.

Өрт сөндіруші жұмысының бір кемшілігі – жалақының аздығы. Жеті жыл қызмет етіп келе жатқан құтқарушы 150 мың теңге көлемінде жалақы алады. Ал жұмысқа жаңадан тұрғандардың жалақысы – 100-105 мың теңге.

Бөлімшенің негізгі жұмыс бағытына өрт сөндіруден бөлек, үгіт-насихат жүргізу кіреді. Мезгілге байланысты қазіргі кезде қызметкерлер жер үйлердегі пеш құбырларын тексеріп, алдын алу бойынша жұмыс жүргізуде.

№4 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінде 17 көлік бар. Олардың бесеуі – негізгі, екеуі – арнайы автосатылар, қалғаны – көмекші. Шақыртуларға жиі шығатын екі көлік бар. Өрт аумағы кішкентай болса, 8 тонналық техника жіберіледі. Ол секундына 70 литр су береді. Ішіне жеті адам сыяды. Өрт аумағы үлкен болса, оның қасына 5 тонналық тағы бір көлік қосылады. Ол секундына 40 литр су береді. Өрт аумағы аса үлкен болған жағдайда тікұшақ қолданылады. Мысалы, Алаш тасжолы бойындағы қоқыс жиналатын жерде өрт тұтанып, ол тікұшақтың көмегімен өшірілген.

Өрт сөндірушілер өздерінің өмірін қатерге тігіп, тілсіз жаумен күнде күреседі. Олардың жұмысына ризашылық білдірген адамдар әлеуметтік желіде алғыс айтып жатады. Департаментке хат жіберетіндер де кездеседі.

2019 жылдың 9 айында №4 Өрт сөндіру бөлімшесі 531 рет шақырту алған. 2020 жылдың 12 айында бұл көрсеткіш 456 болған. Қазірдің өзінде шақырту саны 16%-ға артқан.

Әңгіме соңында Азамат Алтайұлы өрттің алдын алу бойынша кеңестерін айтып кетті. «Кішкентай балаларды үйде жалғыз қалдырмау керек. Олар отты қызық көреді. Сонымен қатар электр сымдарын тексеріп отырған жөн. Ал жер үйлерде пеш құбырларын уақытында тазартып отыру қажет», - деді аға сержант.


Соңғы жаңалықтар