Құтқарушылар 10 жыл бұрын өздері құдықтан аман алып шыққан жасөспіріммен кездесті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, жеткіншекке жаңа оқу жылы қарсаңында мектепке керекті шағын жиынтық пен спорт сөмкесі табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews-ке сілтеме жасап.

Балалар жылы және «Мектепке жол» акциясы аясында Павлодар облысы Железин ауданы ТЖБ бастығының м.а., азаматтық қорғау капитаны Бахтияр Ілиясов пен азаматтық қорғау старшинасы Ержан Успанов Башмачное ауылында тұратын Володя есімді жасөспіріммен кездесті.

Башмачное ауылының кішкентай тұрғыны Володяның өмірінде 13 - маңызды сандардың бірі. Ол 13 қазанда дүниеге келген, бірақ оның екінші туған күні 13 тамыз десе болады.

«Дәл осы күні, 10 жыл бұрын, 1 жыл 10 ай ғана болған кішкентай бала құдыққа түсіп кеткен. Дәлірек айтсақ, диаметрі 22 сантиметр болатын мырышталған құбырдың ішінде қалады. Құтқарушылар, көршілер мен еріктілер 6 метр тереңдіктегі тар құбырда тұрып қалған баланы аман алып қалу үшін бір сағат ішінде құдықтың жанынан үлкен ор қазады. Осыдан кейін құтқарушылар бір метрге тереңдеп, бала одан да төмен түспеуі үшін құбырға арматураны салады. Содан кейін олар люкті кесе бастайды», - дейді департамент өкілдері.

Мырышталған металлды кесу кезінде улы түтін бөлінген, бірақ ол баланы құтқаруға кедергі болмады. Құтқару операциясы 4 сағатқа созылды.

«Көшеде қараңғы түскен кезде құтқарушы сержант Ержан Успанов мойнынан барлық күшімен қысып ұстап алған баланы аман алып шықты. Осылайша, Володя аман қалған. Қазір ол спортпен шұғылданады. Ал, құдық болса, өз орнында тұр. Ештеңе өзгерген жоқ. Тек қазір ол жастықпен емес, пластикалық қақпақпен жабылған», - дейді департамент мамандары.


Соңғы жаңалықтар