Құстар көбейіп келеді - АШМ көктемгі аңшылыққа тыйым салудың пайдасы жайлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда осымен үшінші мәрте көктемгі аңшылыққа тыйым салу арқасында құстар санының көбейгені байқалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құстардың азаюына байланысты 16 ақпаннан 14 маусымға дейін көктемгі аңшылыққа тыйым салынғанын, кәсіпшілік аң аулаудан басқа, бір аңшыға шаққанда жабайы құс пен терісі бағалы аңның тәуліктік нормасына шектеу қойылғанын хабарлаған болатынбыз.

Бүгін АШМ-да өткен баспасөз мәслихатында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов көктемгі аң аулау кез келген алаңдаушылықты туғызып, ұя салу науқанын күрт бұзатынын айтады. Бұл ретте ең алдымен белсенді әрі репродуктивтік жағынан бағалы аталықтар атып алынып, бұл өз кезегінде түрлердің гендік қорын нашарлатады.

«Көктемгі аңшылыққа тыйым салуға байланысты облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшыларына көктемде құстар саны бойынша мониторинг жүргізуге тапсырма берілді. Көктемгі аңшылыққа тыйым салу құстар санының өсуіне оң әсерін тигізіп отыр», - дейді ол.

Қайыр Рыскелдинов соңғы үш жылдың ішінде үйректердің саны 10 пайызға, қасқалдақ 5 пайызға және қаз саны 13 пайызға өскенін айтады. Инспекторлардың бақылауы бойынша жергілікті үйректердің толық ұя салуы анықталып, сүңгігіш және батпақты үйректердің екінші рет ұя салуы байқалған. Су айдындарында сирек кездесетін қызыл бас қара үйрек, жалпақтұмсық үйрек, сарыайдар үйрек пен сұр үйректер топ-топ болып жүретін болды.

«Тыйым салынған аңшылық тәртіпті бұзу бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабы «Жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік айыппұл салынып не әкімшілік құқық бұзушылық заттарын, құралын тәркілеу көзделген», - дейді Қайыр Рыскелдинов.

Соңғы жаңалықтар