#КүшімізБірлікте: Зауытбек Тұрысбеков халықтың көксегені бейбітшілік екенін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздігіміздің негізі - береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтайық. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қадірлі қазақ жұрты! Ел ішіндегі жағдайға байланысты тарихи отанынан сыртта жүрген отандастарымыз қатты алаңдаушылық білдіруде. Көрші мемлекеттерден бөлек Түркия, Еуропа, Америка, Қытай, Моңғолия, Жапония, Корея сияқты елдерден бауырларымыз хабарласып, шынайы ниеттерін білдіруде. Шетте жүрсе де әрбірі ел деп жүрегі езіліп жатқанын жеткізуімізді аманаттады», - деп атап өтеді қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары.

Осы орайда ол Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы елдігіміздің беріктігі сыналған тұста баршамызды ынтымаққа шақыратындығын баса айтты.

«Осындай сындарлы сәтте ел Президентінің маңына топтасып, оның қабылдаған шешімдері мен жүргізіп жатқан антитеррорлық операциясына қолдау білдіреміз. Сонымен бірге танымал мәдениет және спорт қайраткерлерін, іскер азаматтарды, ауған соғысының бұрынғы құқық қорғау саласында қызмет еткен ардагерлерді өз қаласында халық сақшысын құрып, парульдік полициялармен бірге қаланың тыныштығын күзетуге шығуға үндейміз. Елдегі әлеуметтік-саяси жағдайдың тез арада тұрақтанғанын қалаймыз. Мұны қарапайым халық алаңдай күтіп отыр. Халықтың көксегені бейбітшілік. Кең байтақ жеріміз, ұлы дала ынтымақтың арқасында ғана көркейе бермек. Дана халқымыздың бәрін сабырға ендірген қасиеті мен мінезін танытайық. Тәуелсіздігіміздің негізі - береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтайық. Қасиетті қазақ елі, Дүниежүзі қазақтары! Жұдырықтай жұмылып, түгел болайық», - деді Зауытбек Тұрысбеков.


Фото: dalanews.kz
Соңғы жаңалықтар