#КүшімізБірлікте: Ауызбіршілігімізден айырылмайық - Медеу Әбішев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Егемендігіміздің жолында жасалған бастамаларға халық болып қолдау көрсетуіміз қажет. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Физика және техника факультеті Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі,ҰҒА корреспондент мүшесі Медеу Әбішев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президентіміз соңғы кезде елімізде орын алған жағдайларға байланысты бірнеше рет халықты сабырлыққа шақырып үндеу жасады. Мемлекет басшысы айтқандай, ең бастысы қазіргідей қиын-қыстау кезеңде бірлігімізді сақтап, тәуелсіздігімізден айрылмауымыз қажет. «Абырой тамшылап жиналып, уыстап төгіледі» дейді дана халқымыз. Соның алдын алу үшін ел бірлігіне сызат түсірмей, егемендігіміздің жолында жасалған бастамаларға халық болып қолдау көрсетуіміз қажет. Қазіргідей ушығып тұрған жағдайда бірігіп әрекет ету керектігін сана-сезімімізбен, түйсігімізбен түсінуіміз керек. Себебі Ауғанстан, Сирия секілді басқа да Таяу Шығыс елдері басынан не кешіп жатқанын естіп-біліп, көріп отырмыз. Еліміздегі келеңсіз оқиғалар белгісіз күштердің оң жамбасына келіп, ойға алғандарын іске асыра алмасын десек, билік пен халықтың ойы мен сөзі бір жерден шығуы қажет. Мемлекет басшысы да өз үндеуінде осы мәселелерді сөз етіп халықты түсіністікпен қарауға шақырды», - деді ол.

Ғалым мереке қарсаңында осындай жағдай орын алады деп ешкім де күтпегендігін атап өтеді.

«Президентіміз болашақта қорғаныс күштері мен ел тыныштығын сақтау жолындағы шаралар күшейе түсетінін алға тартты. Бейбіт елімізде 20 мыңға жуық содырдың бірге өмір сүріп, өз ойларын жүзеге асырғаны, әрине, көңілге қорқыныш ұялатады. Сондықтан ертеңгі күні ел ағалары осындай келеңсіздіктердің алдын алады деген сенімдеміз. Мұндай қателіктер қайталанбауы үшін бұл бізге үлкен сабақ болуы тиіс. Абай атамыздан бастап, «Бес Арыс» секілді бізге өнеге болатын ұлы тұлғаларымыздың ұстанымдарын тағы бір еске алып, халықтың рухына дем беретін сәт келіп жетті. «Бізге тәуелсіздік не үшін қажет?», «Біз неліктен бұл шараларды жүзеге асырып жатырмыз?» деген сұрақтардың жауабын әр қазақстандық көкейіне тоқыса, сөйтіп әрқайсысымыз өзімізге есеп берсек деймін. Тәуелсіздіктің жолында бірге күресуіміз керек. «Бөлінгенді бөрі талайды» демекші, ауызбіршілігімізден айырылмасақ екен. «Бөліп ал да, билей бер» деген принципті ескерсек, ажырамастай тұтас бір халық болуымыз аса маңызды», - деді Медеу Әбішев.


Соңғы жаңалықтар