Күш-қауқарым барда тоқтамауым керек - Ержан Шынкеев

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының тарихында алғаш рет ұлттық күрестен - «Қазақстан Барысы» қазақ күресі бойынша республикалық турнирден чемпион пайда болды. Қарағандылық Ержан Шынкеев финалда жарыстың ең ауыр балуаны Ерасыл Қажыбаевты жеңіп, бас жүлдені - 25 миллион теңгені, чемпионның алтын белбеуі мен алтын тұяқты иеленді. Балуан ҚазАқпарат тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында жеңіске алып барған жолдың қаншалықты ұзақ әрі күрделі болғанын айтып берді.

Қазақстандық дзюдошы, халықаралық класстың спорт шебері Ержан Шынкеев Қарағанды облысы Шет ауданы Қарабұлақ кентінде туып өскен. Анасы ауылдағы медицина қызметкері болса, әкесі ұзақ жылдар бойы зоотехник болып жұмыс істеген. Ол отбасында бес баланың ең кенжесі.

«Бала кезімнен спортпен шұғылдандым. Ауылда мүмкіндік болмағандықтан, спортпен кешірек айналыса бастадым. 14 жасымда қалаға көшкеннен кейін күреске қатыстым. Менің алғашқы бапкерім Қартай Омаров болды. Өкінішке орай, ол қазір арамызда жоқ. Менің спорттық мансабымның іргетасын сол кісі қалады. Кейін жыл өткен сайын дзюдоға ауыстым», - деді Ержан.

Ержан Шынкеев Қарағандыда тұрып, жаттығады.

«Спортпен кем дегенде аптасына алты күн жаттығамын. Ал, бір күнде екі рет. Дұрыс тамақтануға тырысамын. Себебі, мен үнемі салмағым мен спорттық формамды ұстап отыруым керек», - деп атап өтті спортшы.

Ержан 2009 жылы шығыс жекпе-жек өнері бойынша Азиада ойындарының жеңімпазы. 2009 жылы Белградта Универсиадада  Қазақстан құрамасының құрамында қола жүлдеге ие болды. 2011 жылы Әбу-Дабиде Азия чемпионатында жеке біріншілікте «қола» жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ, ол Азия чемпионатының төрт дүркін (2011, 2013, 2015, 2016) қола жеңімпазы. Сонымен қатар, көптеген әлемдік деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы атанған. Халықаралық класстағы спорт шебері. «Қазақстан барысының» күміс жүлдегері (2013 жылы), Alem Barysy-ның қола медаль иегері (2017 жылы).

Ол биылғы жеңісінің арқасында 25 миллион теңге, алтын белбеу мен «Тайтұяқ» трофейінің иегері атанды. Бұдан бөлек, қарағандылық балуан 17 жылдың ішінде 14 көлікті сыйлыққа алған.

33 жастағы балуан отбасы туралы сұрақтарға жылы шыраймен жауап берді. Себебі оның спорттағы алғашқы жанкүйерлері жақындары болды. Ержан жұбайымен бірге бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр. 12 жастағы ұлы әке жолын қуып, дзюдомен кәсіби түрде айналысуда. Биыл ол облыстық турнирде үшінші орын алды.

«Менің ұлым спортты өзі таңдады. Мен оған үлгі болған шығармын. Себебі, ол туғаннан бастап менімен бірге жаттығуға барып жүрді. Менің ата-анам қазір зейнеткерлік жаста. Бәріміз бірге тұрамыз. Әр турнирдің алдында, маған ақ баталарын беріп отырады», - деді чемпион.

Ержан Шынкеев «Қазақстан Барысы» турниріне бес жыл қатарынан қатысып келеді. Оған әр жекпе-жекте Қазақстан Барысын барлық өңірлердің жеңгенін, тек Қарағанды ғана әлі күнге дейін жүлде алмағанын айтқан. Бұл сөздер балуанның намысына тиіп, оның мойнына жауапкершілік артыла түскен. Ол бар күш-жігерін салып, жеңіске ұмтылған.

Жыл сайын турнирде бірдеңе жетіспей қалып отырған. Ол жыл өткен сайын өз кемшіліктерімен жұмыс істеп, тек қазақша күреспен айналысу үшін дзюдодан да кеткен.

«Мен бұл жеңіске жету үшін ұзақ уақыт еңбек еттім. Бірақ, бір күні жеңетінімен сеніп жүрдім. Сенімім осы жолы ақталды. Сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Маған қолдау көрсеткен баршаға рахмет. Жаттығу кезінде мені шыңдаған бапкерімен алғысым шексіз», - деп атап өтті Ержан Шынкеев.

«Қазақстан Барысы» ұлттық күрес бойынша VIII республикалық турнирде еліміздің  35 мықты палуаны жиналды. Қарағандылық балуан бес күшті қарсыласын жеңіп, мықты екенін дәлелдеді.

«Жекпе-жекте басты қарсыласымен ара қашықтық сақтадым. Оған жақын барсам, мені салмағымен ұрып жығатынын білдім. Оның салмағы барлық қатысушылардың ішінде ең ауыры болды. Мен уақыттан ұттым, ол шаршаңқырап қалды. Дұрыс тәсіл мен спорттық әдіс оны жеңуіме көмектесті», - деді Ержан.

Ержан Шынкеев айдың басында Грузияда өтетін «Әлем барысы» халықаралық турниріне аттанады. Турнир күзде өтеді. Балуан бұл жеңістің оны әрі қарай ынталандыра түскенін атап өтті.

«Алла қаласа, келесі жылы тағы да «Қазақстан Барысы» турниріне қатыспақшымын. Сондай-ақ, 2020 жылғы Олимпиадаға дайындаламын. Күш-қауқарым барда тоқтамауым керек. Маған менің отбасым мен жерлестерім, қарағандылықтар үміт артып отыр», - деді балуан.

Соңғы жаңалықтар