Күш атасы Қажымұқанның туғанына 150 жыл толды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылы 7 сәуірде Ақмола уезі, Сарытерек болысына қарасты Жәдік деген жерде дүниеге келген. Әлемдік аренада алғаш рет 1906 жылы Алманияда өткен дүниежүзілік сайыста жеңімпаз атану арқылы әйгілі болған палуан дүниежүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Поль Понс сынды палуандармен күрескен. Бар ғұмырын күрес өнеріне арнап, көзі тірісінде аңызға айналған батыр бабамыз жайлы кей деректерге қарағанда, күрестің бірнеше түрінен 54 мемлекетте күресіп, 48 медаль олжалаған. Ол 1948 жылы Түркістан облысының Ордабасы ауданында өмірден озды. Палуан бабамыздың төрт әйелінен тараған ұрпақ бүгінде Түркістан мен Ақмола өңірінде тұрып жатыр.

Ғалым, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың жазбаларында Қажымұқанның салмағы – 174 келі, бойы – 195 см, кеудесінің аумағы – 146 см, балтырының аумағы – 49 см, мойнының жуандығы – 56 см, бас аумағы – 65 см, ортаңғы саусағының ұзындығы – 14 см, ортаңғы саусағының жуандығы – 10 см, үстіңгі және астыңғы еріндері – 12 см, аяқ киімі 54 өлшемді деп көрсетілген.

Жалпы, Қажымұқан Мұңайтпасұлын ұлықтауға арналған шаралар елімізде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мысалы, Мәдениет және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қазақ күресінен Қ. Мұңайтпасұлын еске алуға арналған жастар арасында дәстүрлі спорттық турнирлерді жыл сайын ұйымдастырады. Биыл да республикалық және халықаралық турнирлерді жоғары деңгейде, сондай-ақ ұлттық спорт ойындарын, Қажымұқанға арналған көрмелер және басқа іс-шаралар өткізу жоспарланған.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен түсірілген «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық фильм 2017 жылдан бастап көрсетіліп келеді. Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі жайында «Қажымұқан» атты көркем фильм түсіріліп, ол 2021 жылдан бастап еліміздің телеарналарынан көрсетілуі көзделген.

Түркістан облысында Қ.Мұңайтпасұлына арнап 7 ескерткіш қойылған. 2019 жылы Ақмола облысының Степногорск қаласында да палуанға ескерткіш орнатылды.

Биыл күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай Түркістан облысының Ордабасы ауданында үлкен кешен салынады.

Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық көлік дәлізі бойынан бой көтеретін кешенге Темірлан ауылындағы музей көшіріліп, 5 гектарды құрайтын аумақ туристік орынға айналады.

Қазақ даласы батырының атына салынатын заманауи үлгідегі мемориалдық кешен кітапхана, көрме залы, қонақ үй, асхана, конференц залы, спорт залы, спортшылардың киім ауыстыруға, жуынуға арналған және басқа да қажетті бөлмелермен қамтылмақ. Ғимарат аумағы жасыл-желекке оранып, демалыс орнына айналады. Спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға лайықты кешен түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге де ыңғайлы болмақ.


Соңғы жаңалықтар