Құсбегілердің республикалық жарысында Жамбыл облысы командасының мерейі үстем болды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы Бектөбе ауылында өткен құсбегілердің республикалық жарысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және жамбылдық «Қауырсын» құсбегілер клубының 35 жылдығына арналды.

Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан хабарлады.

Жергілікті ипподромда екі күн бойы өткен жарысқа елдің тоғыз аймағынан келеген 32 саяткер аңшылықтың екі түрінен - бүркіттер мен сұңқар салудан бәсекелесті.

Бүркіттермен аңшылық жасайтындардың арасында жамбылдық бүркітші Бақдәулет Бабажановтың құсы Қапсалған бірінші орын алды. Иесінің айтуынша, оның бүркіті осындай жарыстарда талай рет жеңген, барлық тапсырмаларды орындаған. «Бұған үйрету оңай іс емес, оған талай жыл жаттығу керек», - дейді Б.Бабажанов.

Екінші жүлделі орынды қызылордалық Самат Әбкәрімұлы еншіледі, үшінші орынды Астанадан келген бүркітші Серікбек Күнтуған мен Алматы облысының тұрғыны Алмас Сейітжан өзара бөлісті.

Сұңқарлармен аңшылықта сондай-ақ жеңімпаз атанған жамбылдық Шернияз Бауыржан, және екінші жүлдегер Бақтияр Нұрқали ерекшеленді. Ал Ақтөбе облысынан келген Ақберген Құрманғалиев үшінші орыннан көрінді.

Жамбылдықтар жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан көрінді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жылы осыған ұқсас талай жарыстар мен халықаралық сайыстар жоспарланған.

Болашақта қазақтың ұлттық спорт түрі, Қазақстандағы аңшылықтың ең көне түрлерінің бірі - саятшылыққа халықаралық дәреже беру көзделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар