Құс тұмауы салдарын жою, ветеринария мамандарына грант: Үкімет шешімі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құс тұмауы Ресеймен шекаралас еліміздің өңірлері үшін шығын келтіргені белгілі. Бұған дейін Ресейде аталмыш індет тіркеліп, құстар қырылды. Осыған байланысты биылғы тамызда Челябі, Омбы өңірлерінде шектеулер енгізілді. Сәйкесінше, тірі құс пен құс шаруашылығы өнімдерін аталған өңірлерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және транзитіне уақытша тыйым салынды.

Бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин Агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігі ветеринариялық және фитосанитариялық жағдаймен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Бұл, маңызы үлкен мәселе. Мемлекет осы бағытты дамытуға аса назар бөлуде. Халықаралық эпизиотикалық бюроның деректеріне сәйкес, Қазақстанның бірқатар ауру түрлері бойынша қауіпсіз ел деген ресми халықаралық мәртебесі бар. Дегенмен кейбір өңірлерде құс тұмауының пайда болуы - бақылаушы органдардың, оның ішінде жедел шаралар қабылдау жөніндегі қызметінде бірқатар кемшіліктерінің бар екенін көрсетті. Бүгінгі таңда құс тұмауына қатысты жағдай тұрақтанды және бақылауда», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.

Осы орайда А. Мамин жағдайға мониторинг жүргізуді жалғастырып, қажет болған кезде алдын алу шараларын жедел қабылдау керектігін тапсырды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, аталған ауруға қатысты 2005 жылдан бері жағдай тұрақты болды. Ал 2020 жылғы 22 қыркүйектен 19 қазанға дейінгі кезеңде құстардың өлім-жітімі тіркелді.

«Оның ішінде 7 облыста жоғары патогенді құс тұмауына күдік немесе расталған жағдайлар орын алды. Жеке аулаларда 26,5 мың құс, 3 құс фермасында 847,4 бас қырылды. Осылайша, жоғары патогенді құс тұмауынан барлығы 873,9 мың құс қырылып, бұл жалпы құстардың 1,9 пайызын құрады», - деді министр.

Құстар қырыла бастаған сәттен министрлік жанынан және өңірлерде Жедел штаб құрылды. Штабтардың отырыстары күнделікті өткізілуде. Инфекцияның әр ошағы карантинге қойылып, құстарды және құс шаруашылығы өнімін әкелуге немесе әкетуге тыйым салынды. Инфекция ошағын жоя отырып және дезинфекция жүргізе отырып, оқшаулау және жою шаралары жүргізіліп жатыр.

«Буферлік аймақ құру үшін жабайы құстардың ұшып келу жолында үй құстарын мәжбүрлеп вакциналау үшін ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан 4,4 млн доза көлемінде құс тұмауына қарсы вакцина бөлінді. Бүгінде жеті облыстағы жеке аулаларда құстардың өлім-жітімі тоқтатылды, 3 құс фермасында құстардың қырылуы азайды. Ауру құстарды жою және олардың иелеріне құнын өтеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді С. Омаров.

Сонымен қатар, Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарының әкімдері құс тұмауы мәселесіне қатысты есеп берді.

«Біздің облыспен шекаралас орналасқан Ресейдің өңірлерінде құс тұмауы пайда болып, біраз құс қырылды. Салдарынан құс тұмауы бізге де тарады. 28 тамызда құс фабрикаларының басшыларымен шұғыл кеңес өткізіліп, онда аурудың таралуына жол бермеудің алгоритмі әзірленді. Дегенмен облыс аумағында құс тұмауы тіркеліп, 450 мың факті анықталды», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Осы орайда әкім аурудың үй құстарына таралуына жабайы құстар әсер еткенін жеткізді.

«Диагноз расталған елді мекендерде карантин режимі белгіленді. Вакцинаның 873 мың дозасы бөлінді, 554 мың құсқа екпе жасалды. Құс иелеріне 66 млн теңге өтемақы төленді. Осы бағытта жұмыс жалғасады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне өтемақы төлеу үшін қосымша қаражат бөлу туралы өтінім жолдадық», - деді Қ. Ақсақалов.

Белгілі болғандай, облыста зардап шеккен құс фабрикасын қалпына келтіру жоспары әзірленді. Балапан сатып алуға қаржылай қолдау тетігі қарастырылуда.

Өз кезегінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов соңғы 17 күнде құстың қырылуы тіркелмегенін жеткізді. Жеке үй ауласына арналған вакцинаның 491 мың дозасы алынды, вакциналау шаралары аяқталды. Сонымен қатар құс фабрикалары өз қаражаты есебінен 625 мың құсқа екпе жасады. Жалпы сомасы 45 млн 500 теңге құрайтын 35,3 мың құстың құнын өтеу үшін құжаттар жолданды. 2543 құс үшін 7,5 млн теңге сомасында өтемақы төленді.

Айтпақшы, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров құс тұмауы салдарынан жойылған құстардың құнын өтеу үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат керек екенін жеткізді.

«Құс тұмауының таралуы мысалында, жедел карантинге қою әрі инфекция ошағынан жануарлар мен өнімдерді әкелуге және әкетуге тыйым салуды енгізу мәселесі өте маңызды болып тұр. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар әкімінің қаулыларын келісу, бекіту және күшіне енгізу 5 күннен 15 күнге дейін уақытты алады. Ең жылдам дегенде 3 жұмыс күнін құрайды. Бұл жағдай инфекция ошағын оқшаулау және оның жақын орналасқан аумақтарға таралуын болдырмау бойынша жедел шараларды уақытында қабылдауға, атап айтқанда карантин қоюға және инфекция ошақтарын тоқтатуға мүмкіндік бермейді», - деді министр Үкімет отырысында.

Осы орайда С. Омаров карантинге қою және шектеу шаралары туралы шешімді бекіту мен тіркеу мерзімін 1 күнге дейін қысқарту қажеттігін айтты.

«Жоғары патогенді құс тұмауы салдарынан алынған және жойылған құстардың құнын өтеу үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыру керек. Сонымен қатар, ветеринариялық және фитосанитариялық қадағалаудың ұлттық жүйесін құруға республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінуін сұраймыз», - деді министр.

Ветеринариядағы тың шешімдер

Үкімет отырысында Сапархан Омаров ветеринария және фитосанитария саласында қабылданып жатқан шаралармен қатар, ашық түрде қалып отырған бірқатар мәселе бар екенін айтты. Бұл негізінен ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық бақылау мен қадағалау жүргізуге байланысты. Біріншіден, тексерулерге мораторий енгізілуіне байланысты жануарлардың аса қауіпті ауруларының, карантиндік объектілердің және аса қауіпті зиянды организмдердің республика аумағында пайда болу әрі таралу жағдайларының алдын алу мен жолын кесу мәселесі өте маңызды болып тұр. Бұл жерде ветеринариялық және карантиндік инспекторлар бақылау объектілеріне бара отырып, тексеру және бақылау жүргізулері қажет.

Осы орайда министр бақылау объектілеріне бара отырып, тексерулерді және бақылау мен қадағалаудың профилактикалық ветеринариялық әрі фитосанитариялық түрлерін мораторийден шығаруды ұсынды.

Үкімет отырысында осы тақырыпты қорытындылаған Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында ветеринариялық және фитосанитариялық қызметті күшейту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу міндеті тұрғанын қадап айтты.

Осы бағытта ол тексеру, бақылау және мониторинг жүргізу бойынша іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Бұл шараларды дер кезінде жүргізу - жағдайды бақылауға мүмкіндік береді және мал мен өсімдік шаруашылығының одан әрі дамуының негізін жасайды. Ауыл шаруашылығы және әділет министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың карантинді әрі шектеу іс-шараларын белгілеу және алып тастау жөніндегі шешімдерін әділет органдарында тіркеу рәсімін жеңілдетсін», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының пайымынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиімді бақылауды ұйымдастыру үшін ветеринариялық және фитосанитариялық қадағалау ұлттық жүйесін дамыту қажет.

«Тиісті ақпараттық базаны жетілдіру және оны жаңарту процестерін автоматтандыру арқылы ауыл шаруашылығы жануарларын 100 пайыз сәйкестендіруді қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі Білім министрлігімен бірлесіп, салаға қажетті кадрларды даярлауды жетілдіру және түлектердің кейіннен ауылда жұмыс істеу шартымен ветеринариялық және фитосанитариялық қызмет мамандықтарына бөлінетін гранттарды көбейту мәселесін пысықтасын», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар