Құс тұмауы: Ресей құс фабрикаларының өніміне шектеу ұзартылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау комитеті құс тұмауы тіркелген Ресейдің бірқатар құс фабрикаларынан тірі құс пен құс өнімдерін әкелуге шектеуді ұзартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бұл туралы ҚР Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Максим Божко мәлімдеді.

Еске сала кетсек, маусым айында ҚР АШМ Ресейдің 36 құс фабрикасының өнімін әкелуге тыйым салған еді.

«Биыл жазда Ресейдің бірқатар өңірінде құс тұмауы шықты. Оған негізінен вирус тасымалдайтын жабайы құстардың миграциясы әсер етті. Шын мәнінде заманауи технологиялармен жабдықталған және барлық санитарлық талаптар орындалатын ірі құс фабрикаларында құс тұмауын жұқтыру мүмкін емес. Себебі, онда үнемі арнайы залалсыздандыру жүреді, фабрикаға кіретін барлық қызметкерлер, көліктер мен жем-шөптер санитарлық өңдеуден өтеді. Ал Ресейдегі құс тұмауы жабайы құстарда ғана емес, өнімдерін халыққа таратып, біздің елге экспорттайтын өнеркәсіптік құс фабрикаларында тіркелді. Сондықтан, қазан айында ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау комитеті құс тұмауы тіркелген РФ бірқатар құс фабрикаларынан өнім әкелуге шектеуді ұзартты», - деді Максим Божко Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Қазақстандағы құс тұмауы жағдайы бақылауда. Еліміздегі құс фабрикалары санитарлық-эпидемиологиялық қызметтермен бірге үнемі алдын алу шараларын жүргізеді.

«Жабайы құстар Қазақстан аумағынан да ұшып өтеді және ветеринарлық бақылау мамандары олардан құс тұмауын анықтайды. Бірақ, отандық құс фабрикаларында ешқандай құс тұмауы тіркелген жоқ. Себебі, Қазақстанның құс фабрикалары қатаң санитарлық бақылауы бар жабық кәсіпорындар болып саналады. Құстар жабық ғимаратта, жеке микроклиматта өсіріледі және жабайы құстармен еш байланыспайды. Өнімдер міндетті түрде термоөңдеуден өтеді. Сондықтан, Қазақстанда өндірілген жұмыртқа мен құс еті қауіпсіз», - деді Максим Божко.

Соңғы жаңалықтар