Құс тұмауы: Қостанай облысында 8 ауыл карантинге жабылды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекет аймақтағы құс тұмауының таралуына қатысты брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бауыржан Бекеттің айтуынша, осыдан он күн бұрын Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы елді мекендерде өлген құстардың патологиялық материалдарын диагностикалық зерттеуден өткізді. Соның нәтижелері бойынша облыс аумағында «жоғары патогенді құс тұмауы» диагнозы қойылды.

«Осыған байланысты ветеринарлар инфекция ошақтарында эпизоотологиялық тексеру жүргізді және актілерін ҚР АШМ ветеринария басқармасы облыстық аумақтық инспекциясына ұсынды. Қостанай облысының бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынысы бойынша Меңдіқара ауданының Красная Пресня, Сарыкөл ауданының Маяк, Тағыл, Ұзынкөл ауданының Сокол, Арқалық қаласының Родина, Фурманов, Алтынсарин ауданының Приозерное, Қарабалық ауданының Михайлов ауылдарында карантин белгіленді. Аталған елді мекендердің кіреберісінде блок-бекеттер орнатылды, құстар мен құс шаруашылығы өнімдерін шығару тоқтатылды. Инфекция ошақтарында өртеу, үй-жайларды дезинфекциялау жолымен өлген құстардың өлекселерін жою бойынша іс-шаралар жүргізілді. Эпизоотияға қарсы және эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыруды үйлестіру үшін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жанынан ахуал орталығы құрылды», - деді Бауыржан Бекет.

Республикалық қордан құс тұмауына қарсы вакцинаның 366218 данасы келіп түсті. Құстарды вакцинациялау елді мекендерден 25 километр радиуста буферлік аймақта жалғасады.

«Облыс бойынша егілген құстардың жалпы саны 429 801 басты құрайды. БАҚ, интернет-ресурстар арқылы халық арасында профилактикалық іс-шаралар, құнын өтеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Облыстың жергілікті атқарушы органы құс тұмауын тұрақтандыру және одан әрі таралуын болдырмау жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдауда», - деп түсіндірді басқарма басшысының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар