Құс шаруашылығын дамытуға БҚО-да 1200-ге жуық грант бөлінеді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында құс шаруашылығын дамыту мақсатында «Еңбек балапан» жобасы қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаевтың айтуынша, аталмыш жоба табысы аз, жұмыссыз азаматтарды кәсіпкерлікке тартуды көздейді.

Жоба қолданыстағы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз гранттар беру тетігі негізінде жүзеге асырылмақ.

Биыл 625,1 млн теңге қарастырылып, 1179 грант бөлу жоспарланды.

А.Құлқаевтың сөзіне қарағанда, жоба 11 маусымда Шыңғырлау ауданынан басталатын болады. Облыс орталығынан «Зеленый Лук» ЖШС Шыңғырлау ауданына 2 мың бас біркүндік балапан апарады. Оны аудан орталығындағы бірыңғай оператор «Ғайни» шаруа қожалығы қабылдап алып, 13 грант алушыға үлестіреді.

Сондай-ақ 18 маусымда Тасқала ауданында «Луч» ШҚ бірыңғай оператор ретінде 12 грант иесін балапанмен қамтиды. Ал 30 маусымда жоба Бәйтерек және Қаратөбе аудандарында (Бәйтерек ауданы – оператор «Evrogold» ЖК, 15 грант алушы, 2400 балапан, Қаратөбе ауданы – оператор «Бақытжан» ШҚ, 12 грант алушы, 2000 бас балапан) жалғасады.

«Қазіргі таңда кесте жасалып, аудандарға және Орал қаласына балапандарды кезең-кезеңмен жеткізу жоспарлануда. Әзірге жобаны облыстың сегіз ауданы мен Орал қаласында жүзеге асыру көзделген», - деді А.Құлқаев.


Соңғы жаңалықтар