Құс фабрикаларына 150 мың тонна жем арзан бағамен өткізіледі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров құс шаруашылығын жеммен қамтамасыз ету шешімдері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл республикалық бюджеттен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ жарғы капиталын арттыруға 20 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат 200 мың тонна көлемдегі жемді форвардты тәртіпте сатып алуға бағытталған. Оның ішінде 150 мың тонна астық құс фабрикаларына өткізіледі. Бұл құс жемінің сомасы нарықтағы құнынан 30 пайызға арзан», - деді А. Сапаров елордадағы ІХ халықаралық құс өсірушілер форумында.

Биыл Қазақстанда құс өсіру саласында оң көрсеткіштер байқалып отыр.

Бұған дейін хабарланғандай, құс жемінің қымбаттауына байланысты құс өсірушілер қиындыққа тап болған.

«Құс жемінің бір тоннасы 180-190 мың теңгеге жетті. Құс еті мен жұмыртқаның өзіндік құнында 70 пайызы жемнің бағасына қатысты болады. Егер құс жемі арзан болса, онда біздің өнім де нарыққа төмен бағамен шығады», - деді Қазақстан құс өсірушілері одағының президенті Руслан Шәріпов.

Қазақстанның құс өсірушілері осы салаға мемлекеттік қолдау жасауды сұрап отыр.



Соңғы жаңалықтар