Құрылысшылар одағының басшысы базалық ставканы 10% дейін түсіруді ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан құрылысшылар одағының алқа төрағасы Талғат Ерғалиев базалық мөлшерлемені қазіргі 16,75 пайыздан 10 пайызға дейін түсіруді ұсынды. Оның пайымынша, бұлай болмаған жағдайда экономикада дағдарыс болуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтырдан бері Ұлттық банктің ставкасы - 16,75 пайыз, ал екінші деңгейдегі банктердің халыққа беріп жатқан депозиттері 17 пайыз болып отыр. Осы қаражат айналымы нарықтан банктерге түсіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, айналымда ақша өте аз. Өйткені депозиттердің көп болуына байланысты айналымдағы ақшаны көптеп шешіп алып жатыр. Яғни, бүгінде бизнеспен айналысу тиімсіз болып кетті. Өйткені депозиттің мөлшерлемесі 17 пайыз болуы ақшаны жай ғана банкке салып қойып, пассивті әрекетпен, кәсіпкерлікпен айналыспай-ақ өмір сүруге мүмкіндік береді. Ал экономика дегеніміз – кәсіпкерлік. Банктердің шағын және орта бизнесті қаржыландырмай отырғаны да осыдан. Өйткені ақша көлемі аз. Осының салдарынан сатып алу қабілеті де төмендеп тұр. 2022 жылдың бірінші тоқсанында қазіргіден 2 есе көп келісім жасалған. Ал биылғы бірінші тоқсанда бар болғаны 72 мың келісім жасалған. Бұл қарқынмен кете берсек, бір жылда 280 мың ғана келісім бекітіледі. Былтыр бір жылда 465 мың келісім болған», - деді кәсіпкер.

Оның айтуныша, ипотекалық бағдарламалардың жоқтығы, ақша массасының аздығынан, адамдардың төлем қабілетінің төмендігінен осындай жағдай қалыптасқан.

«Мысалы, туыстарыңыздың, өзіңіздің баспана сатып алатын мүмкіндігіңіз бар ма? Сіздерде ондай мүмкіндік жоқ. Өйткені бағдарлама жоқ. Осылайша қандай да бір ғажайыпты күтіп ұзақ жүре беруіңіз мүмкін. Бірақ ғажайыптың болатын түрі жоқ. Ең қызығы жастық шағыңызды күтуге жұмсайсыздар. Сондықтан біз Үкіметке Ұлттық банктің мөлшерлемесін қайта қарау керек деген өтініш жолдап отырмыз. 2013 жылы мөлшерлеме 5,5 пайыз болатын. Тым болмағанда қазіргі мөлшерлемені 10 пайызға дейін түсіру керек. Сонда банктер кәсіпкерлерге несие беріп, бизнесті қаржыландыра алатын еді. Экономика сонда ғана жанданады. Қазір екінші деңгейлі банктер ұсынып жұрген ипотекалар да азаматтарға қолжетімді болар еді. Құрылыс көлемін қарасақ, 60 пайызға дейін түсіп кеткен», - деді Талғат Ерғалиев.

Айтуынша, қазір құрылыс саласында жұмыссыздық белең алып барады.

«Шамамыз келгенінше тежеп отырмыз. Қарапайым құрылысшылардың 20 пайыздайы жұмыссыз қалды. Олардың жұмысы бар, бірақ тұрақты емес. Бірде бар, бірде жоқ. Жұмыссыздықтан басқа 2008 жылдағы сияқты «сақалды» құрылыстар көбейюі мүмкін. Өйткені үлескерлер мәселесі алдымыздан шығады. Жергілікті әкімдіктің мәліметі бойынша, қазір 32 үйдің құрылысы қауіпті жағдай тұр. Бүгін экономикаға ақша құймаса, соның бәрі «сақалды» құрылысқа айналады. Адамдар салған ақшасын қайт шешіп ала бастайды. 32 үй деген 4800 үлескер деген сөз. Кейін бюджеттен 150 млрд теңге шығындауға мәжбүр боламыз. Астана елдегі құрылыстың 20 пайызын алып жатыр. Республика бойынша 15 млн шаршы метр баспана салып жатсақ, Астанаға 3 млн шаршы метр тиесілі. Жағдай осы қалпы кете берсе, Астананың өзіне ғана 760 млрд теңге ақша құюымыз керек болады. Жазға дейін ахуалды өзгертпесек, кейін тағы осындай ақша жұмсауымыз керек болады. Сонда 1,5 трлн теңге шығындаймыз. Одан да қазірден бастап экономикаға 1 трлн теңге құю оңай. Сол арқылы экономиканы жандандыра алар едік», - деді Құрылысшылар одағының төрағасы.


Соңғы жаңалықтар