Құрылыс шығынының артуы баспана бағасын өсіреді - Талғат Ерғалиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев алдағы уақытта баспана бағасы неліктен қымбаттайтынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір ай сайын құрылыс материалдары мен қызметтердің бағасын қолмен есептеп отырмыз. Құрылыс құнының 55%-56%-ы құрылыс материалдары қалыптастырады. Сондықтан оның бағасы құрылыс құнына тікелей әсер етеді. Қазір азық-түлік бағасының өсіп жатқанын көріп отырмыз. Азық-түлік пен қызметтер құны өссе, құрылысшылардың да айлығы өседі деген сөз», - деді Талғат Ерғалиев ҚазАқпарат тілшісіне берген шағын сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, құрылысшылардың еңбекақысы құрылыс құнының 20 пайызын қалыптастырады.

«Бұл жерде біз техникалық жұмысшылардың, құрылыс алаңдарында салаға қызмет көрсетушілердің айлығы туралы айтып отырмыз. Даму менеджерлері, PR және HR-мамандар, прорабтар, смета есептеушілер, есепшілер мен басқалар да кіреді»», - деді сарапшы.

Осы екі факторды алға тартқан Құрылысшылар одағының басшысы елде баспана бағасы қымбаттамаса, арзандамайды деп отыр.

«Бұл, сәйкесінше, шаршы метрдің бағасын өсіреді. Жағымсыз болса да шындық осы. Бұл құрылысшылар үшін де өте жағымсыз жаңалық. Өйткені салаға 2015 жылға дейін болған ахуал сияқты тұрақтылық керек. Ол кезде құрылысшылар қолға алған жобасының табыстылық деңгейін болжай алатын. 2015 жылдан бері жағдай түбегейлі өзгерді. Бұл бізді қапаландырады», - деді Талғат Ерғалиев.

Бұған дейін Құрылысшылар қауымдастығының басшысы Виктор Микрюков алдағы екі айда баспана қымбаттамайтынын болжаған еді.



Соңғы жаңалықтар