Құрылыс саласындағы бақылауды күшейту керек - сенатор

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында депутат Бекболат Орынбеков еліміздегі құрылыс сапасына қатысты проблеманы көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның пайымынша, ғимараттар құрылысының сапасына мемлекеттік бақылаудың азаюы кәсіпкерліктің дамуына оң әсер еткенімен, салынған үйлердің құлауына әкеп соғуы ықтимал.

«Кейінгі 7-8 жылда бизнес-климатты жақсартып, кәсіпкерлік қызметті реттеу мақсатында тексеру органдарының бұл салаға араласуы азайды. Бақылау талаптарының әлсіреуінің теріс салдарына тоқталсақ, Павлодар қаласында салынып жатқан тұрғын үй құлап, шетелдік жұмысшылар зардап шекті. Апатқа сапасыз жобалау және негізгі талаптарды сақтамай жүргізілген құрылыс жұмыстары, сондай-ақ техникалық қадағалаудың әлсіздігі себеп болды. Құзырлы орган нысанға уақтылы инспекция жүргізгенде, осындай кемшіліктерге жол берілмес. Алайда қолданыстағы заңнаманың талаптары құрылыс барысын тексеруді жүзеге асыру қадамдарын шектеді», - деді сенатор Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Депутат құрылыс инспекторларының жұмыс ауқымының көптігі мәселесіне де назар аударды. Қазіргі кезде олардың саны 138 болса, салынып жатқан нысандардың саны 8 мыңға жуық.

Сенатор кез келген ғимаратты немесе құрылысты одан әрі пайдалану кезінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызын ескере отырып, мемлекеттік сәулет және құрылысты бақылау саласы бойынша қолданыстағы заңнамаға бірқатар нақты өзгерістер енгізуді ұсынды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2021 жылдың маусым айында Павлодарда құрылыс жүріп жатқан үй құлаған еді. Ғимарат құлаған кезде үш жұмысшы зардап шекті, олардың барлығы Өзбекстан азаматтары.


Соңғы жаңалықтар