Құрылыс объектілеріндегі өндірістік жарақаттанудың алдын алуға арналған жол картасы әзірленді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Құрылыс объектілеріндегі өндірістік жарақаттанудың алдын алу және мұнара крандары операторларымен байланысты өлім жағдайларын азайту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы әзірленді.

Құжатты Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті ашық талқыға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол каратасына сәйкес, 2025 жылға дейін қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағыттталған жұмыстардың басым бағыттары:

Құрылыс алаңдарында мұнара крандарын пайдалануға байланысты болған апаттар мен оқиғаларды талдау;

Әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық және салалық үшжақты комиссияның отырыстарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселесін қарау;

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік инспекторлардың мұнара крандарын іске қосқанға дейін техникалық куәландыруға қатысуы;

Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

Қауіпті өндірістік объектілерде жүк көтергіш механизмдерді жаңарту және техникалық қайта жарақтандыру.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын көрсететін тұлғалар үшін білімге, іскерлікке, дағдыларға, жұмыс тәжірибесіне, біліктілік пен құзыреттілік деңгейіне, еңбек сапасы мен жағдайларына қойылатын жалпы талаптарды белгілейтін кәсіби стандарт әзірлеу қарастырылған.

Ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізу.

Комитет болжамынша, аталған жұмыстардың нәтижесінде мұнара крандары операторларының өндірістік жарақаттануы мен өлім жағдайлары 30 пайызға төмендейді. Ал құрылыс алаңдарындағы апатты жүк көтергіш механизмдер 20 пайызға азаяды. Сонымен қоса, нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына сай келетін кәсіпорындар саны 10 пайызға артады.

Құжатты ашық талқылау 5 желтоқсанға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар