Құрылыс-монтаждау конкурстарында демпинг 5 пайызға төмендетіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылыс-монтаждау конкурстарында демпинг мөлшерін 5 пайызға төмендетуді ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Арман Мәмбетаев «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің алаңында өткен Ореп Space кездесуде айтты.

«Құрылыс-монтаждау жұмыстарын сатып алу конкурсында демпинг мәселесі бар. Қаржы министрлігі бұл істе бізді қолдап отыр. Саладағы демпингті 5 пайызға дейін түсіру жоспарлануда. Қазір оның көлемі – 10 пайыз. Құрылыс компанияларының бәрі конкурстық іріктеуден әрі өту үшін бағаны 10 пайызға түсіруге мәжбүр деген сөз. Оның салдары кейін шығып жатады», - дейді «Атамекен» өкілі.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасның өкілі құрылыс компанияларының жұмыс тәжірибесі бойынша шартты жеңілдік беру жүйесінде де жемқорлық тәуекелі бар екенін атады.

«Тағы бір жүйелік мәселе бар. Құрылыс компанияларының көбі осыны көтеріп жүр. Жергілікті әкімдіктер жанынан құрылған комиссиялар шартты жеңілдік мөлшерін белгілеп отыр. Комиссияда адамдар отырғандықтан, тағы да адам факторы бар. Мысалы, бір кәсіпорынға бір өңірде шартты жеңілдік ретінде 2 пайыз берілсе, басқа бір өңірде дәл сол компанияға, дәл сондай жұмыс істегені үшін 0,5 пайыз шартты жеңілдік берілген. Субьективтік фактор бар деп отырғанымыз осы. Бұл мәселенің шешімі цифрландыруда деп отырмыз. Кәсіпорынның жұмыс тәжірибесін адамдардан құралған комиссия емес, автоматтандырылған жүйе бағалау керек. Қазір осы мәселе бойынша Қаржы министрлігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Жыл аяғында дейін осы ауқымды проблеманы шешсек деген жоспар бар. Өйткені осы мәселе бойынша шағым айтушылар өте көп», - деді Арман Мәмбетаев.


Соңғы жаңалықтар