Құрылыс материалдарының нарығында отандық өндірістің үлесі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жалпы құрылыс материалдарының ішкі нарығы 2,6 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 11 айдың қорытындысында құрылыс материалдары өндірісі 9,2 пайызға өсіп, 820,2 млрд теңгені құрады. Өңдеуші өнеркәсіп құрылымында сала үлесі шамамен 5,5 пайызды құрайды. Салада 2 442 кәсіпорын бар, оларда 26 мыңға жуық адам жұмыс істейді», - деді Б. Атамқұлов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында саладан ел экономикасына 33,8 млрд теңге салық түсті. Бұл өткен жылғыдан 1,3 есе жоғары көрсеткіш.

«Жалпы құрылыс материалдарының ішкі нарығы 2,6 млрд АҚШ долларын құрайды (2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша). Оның ішінде отандық өндіріс үлесі - 60% ($1,6 млрд), импорт - 40% ($1 млрд). Көріп отырғанымыздай, отандық өндірушілер ішкі нарықтың бетон, цемент, қабырға материалдары сияқты базалық құрылыс материалдарына қажеттілігін толық өтейді. Барлығында дерлік құрылыста және жөндеу жұмыстарында қазақстандық гипсокартон мен құрғақ құрылыс қоспалары қолданылады. Алайда, әрлеу сегментінің қосылған құны жоғары тауарлары импортқа тәуелді болып отыр. Әдетте, бұл әрлеу материалдары, тұсқағаздар, линолеум, жылу оқшаулағыш материалдар, санфаянс және шыны бұйымдары», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар