Құрылыс компаниясының қарызынан астаналықтар пәтерлерін рәсімдей алмай жүр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Ұлытау» ТК тұрғындарының бірі Бақыт Ахметжанова пәтерге салынған тыйым мәселесін шешу туралы Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошуннен көмек сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде 656 пәтер болса, оның 97-сіне тыйым (арест) салынған. Біздің пәтерлер бұл тізімге қалай тап болды? Мемлекеттік кірістер комитеті «Ромул» құрылыс компаниясы мен үлестес компанияларға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі уақытта арест мәселесі шешілер емес. Сегіз айдан бері пәтерлерімізден тыйымды алып тастай алмай жүрміз. Біз ипотекашылармыз, қолма-қол ақшаға пәтер алғандар да бар. Бұл тыйымнан қашан арыламыз? Бізге ертең, екі күннен соң, келесі аптада деп жауап береді», - деді Бақыт Ахметжанова әкім орынбасарының есептік кездесуінде.

Пәтерге салынған тыйым туралы ол банкте ипотеканың кезекті жарнасын төлеу кезінде білген. Еуразиялық банк «Ромул» компаниясына үй құрылысы үшін несие берген. Қазіргі уақытта компания 14 млрд теңгеге жуық қарыз. Биыл банк осы қарызды қайтару үшін өтініш хат берді. Мемлекеттік кірістер комитеті тұрғындар сатып алған пәтерлерді «Ромул» меншігі деп түсіндіреді.

«Бұл ақпарат бір апта бұрын бізге жеткен. Бұл сіздердің нысандарыңызға ғана қатысты емес. «Ромул» тұрғызған барлық нысандар тығырыққа тіреліп отыр. Бұл мәселе пәтерін ала алмай жүрген үлескерлермен емес, тұрып жатқан баспанасын рәсімдей алмай жүргендерге қатысты. Сұрақты түсіндік. Қоғамдық бірлестіктерді осы мәселені талқылауды ұсынамын. Келесі аптада шешім шығару үшін мәселені Мемлекеттік кірістер депаратментінің қатысуымен мекемеаралық комиссияда қараймыз. Әрине, пәтерді сіздерден алып қоюға тосқауыл болатын шаралар қабылданады. Мұнда қазір әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері  емес, қылмыстық істі тергеп жатқан күштік органдар жұмысқа тартылған. Барлық мән-жайды анықтап, көмектесуге тырысамыз», - деп жауап берді Сергей Хорошун.

Соңғы жаңалықтар