Құрылыс компаниясынан үй сатып алуды онлайнда рәсімдейтін технология іске қосылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бұдан былай қазақстандықтар құрылыс компаниясынан жылжымайтын мүлік сатып алу рәсімін бастан-аяқ онлайн тіркей алады. Яғни, баспана сатып алған тұрғын бұрынғыдай құрылыс компаниясы, банк, нотариус, халыққа қызмет көрсету орталығы сияқты мекемелердің арасында сабылмайды. Astana Hub алаңында осы жоба таныстырылды,деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Блокчейн технологиясын қолданып жасалған жоба қазақстандықтарға жылжымайтын мүлікті онлайн режимде сатып алу мүмкіндігін ұсынып отыр. Қарапайым түсіндірсек, бұрын пәтерді сату-сатып алу процесін заң талаптарына сай рәсімдеп шығуға бірнеше күн кететін. Жаңа қызмет электронды цифрлық қолтаңба арқылы бүкіл процесті бір күнде рәсімдеуге мүмкіндік береді. Жоба авторларының айтуынша, қазір бұл тәсіл тесті режимінде сынақтан өтіп жатыр. Осы кезеңнен сәтті өтсе, құрылыс компанияларынан баспана сатып алудың бүкіл рәсімі 15 минутқа қысқармақ.

Жаңа қызметті БАҚ арқылы жұртшылыққа таныстыру үшін ұйымдастырылған брифингіге ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыштық өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қатысып, блокчейн технологиясының артықшылығын түсіндірді.

Министр осыдан бір жыл бұрын қазақстандықтарға жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу рәсімін онлайн тіркейтін тетік құрастырып, іске қосуға уәде бергенін еске алды.

«Былтыр мен ипотеканы және жылжымайтын мүлікті рәсімдеу процесін оңтайландырып, оған кететін уақытты 5 күннен 1 күнге дейін қысқарту туралы уәде берген болатынмын. Жыл басынан бері жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметіне 1,6 млн адам жүгінген екен. Оның 700 мың нотариус арқылы қайталама нарықтан мүлік сатып алған. Ол процесте ешқандай қолайсыздық жоқ. Нотариусте келісімшарт жасау арқылы бүкіл жұмысты тындырады. Ал жылжымайтын мүлікті құрылыс компанияларынан сатып алу кезінде және ипотека рәсімдеу кезінде бірнеше мекеменің есігін бірнеше рет тоздыруға тура келеді», - деді Бағдат Мусин.

Айтуынша, осындай қызметке жыл басынан бері 900 мыңнан 1 миллионға дейін адам жүгінген.

«Олардың әрқайсысы халыққа қызметке көрсету орталығына 2-3 реттен келген. Осылайша құрылыс компнаниясы, банк, нотариус және ХКО арасында сабылып жүретін. Бүгін үйді сатып алу, оны рәсімдеу, мемлекеттік органдарда тіркеу, меншік иесін ауыстыру сияқты бірнеше процестің бәрін шешіп, бір күндік мерзімге қысқарту үшін осы пилоттық жобаны іске асырып отырмыз.

«Отбасы банк», Freedom Finance банкі ипотеканы онлайн рәсімдеу мәселесін жарты жыл бұрын шешкен болатын. Ал бұл жоба пәтерді құрылыс компанияларынан сатып алған кезде ХКО, нотариус, банк және құрылыс компаниясының арасындағы қарым-қатынасты цифрландырып отыр. Halyk Bank және BI Group осы мәселені шешу үшін өздері атсалысып, мемлекетке ұсыныс берді. Бірақ бұл жоба осы компаниялармен шектеледі деген сөз емес. Басқа да құрылыс компаниялары, банктердің бәрі осы пилоттық жобаның қызметін пайдалана алады», - деді министр.

Пилоттық жобаның өмірге келуіне мұрындық болған BI Group компаниясы мен Halyk Bank өкілдері де жобаның қалай дайындалғанын баяндады.

Жобаны әзірге 2 мекеменің платформасы пайдаланып бастады. Онлайн ипотеканың толық циклін аталмыш қызмет арқылы рәсімдеу BI Group пен Altyn Bank сайтында қолжетімді.


Соңғы жаңалықтар